Батыс Қазақстанда заңсыз дәрі саудасы тоқтамай тұр

24.07.2020 19:59

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлімдеген

inbusiness.kz

5 шілде мен 22 шілде аралығында Батыс Қазақстан облысында фармацевтикалық қызмет бойынша құқық бұзушылықтар туралы 42 оқиға анықталды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлімдеген. Аталған уақыт ішінде өңірдегі полиция, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Экономикалық тергеу департаменттерінен осынша іс келіп түскен. 

Соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 424-бабы 1-бөлігі бойынша лицензиясыз қызметі үшін 5 жеке тұлғаға жалпы көлемі 34 725 теңге айыппұл салынды. Тағы бір материал қаралу үстінде. 

Сонымен қатар, дәрілік препараттардың құнын шекті бағадан асырып сатқаны үшін "Мендыбаева Ж.Г" жеке кәсіпкері мен "Адема-Фарм" ЖШС 361 140 теңге айыпқа тартылған. 

Заң бұзушылықтардың біраз бөлігі Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат берілмеген дәрілік заттарды сатуға қатысты тіркеліп отыр. Мәселен, осындай 20 материал арнайы әкімшілік сотқа жіберіліп, бес іс бойынша 100-ден 300-ге дейінгі АЕК көлемінде айыппұл салынды. Мұндай заңсыздықпен көзге түскен дәріханалардың қатарында "Ботова И.П", "Калугина В.М" жеке кәсіпкерлері мен "МедМаркет-Эксперт" ЖШС бар. 

Сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ іс-әрекеттерді жүзеге асыру бойынша үш материал сотқа жіберіліп, "Нобел АФФ" акционерлік қоғамына 150 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Қалған материалдар қаралу үстінде.