Бразилия мен Ресейде эпидемиологиялық жағдай аса күрделі
Әлемдегі ахуал. Грекия Үкіметі елдегі шектеу шараларын 7-інші желтоқсанға дейін ұзартты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Супермаркеттер мен дәріханалардан басқа барлық дүкендер жабық болады. Басқа аймақтарға жолға шығуға тыйым салынды. Үйінен сыртқа шығу үшін жұртшылық арнайы смс-хабарлама алуы керек. Қоғамдық орындарда бетперде тағу міндетті. Мектептердің барлығы қашықтан оқуға көшті.
Ал, Рождество мерекесіне орай берілетін демалыста Францияның тау-шаңғы курорттары ашық болады. Тек шаңғымен сырғанауға рұқсат етілмейді. Дегенмен отбасымен келіп демалуға және шопинг жасауға болады. Елде 15-інші желтоқсаннан бастап енгізілетін коменданттық сағат 24-і мен 31-інші желтоқсан аралығында кешкі уақытта алынып тасталады. Ал діни жиындарға 30 адамнан артық жиналуға болмайды.
Грузия билігі елде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қатаң карантиндік шектеу енгізеді. Бірақ мереке күндері бұл шектеулер біраз жеңілдетіледі. Ертеңнен бастап енгізілетін қатаң шаралар 31-інші қаңтарға дейін жалғасады. Кешкі 21:00-ден таңғы 5-ке дейін сыртқа шығуға рұқсат етілмейді. Бұл шектеулер 31-інші желтоқсан мен 6-ыншы қаңтарда алынып тасталады. Елдің 7 ірі қаласында және тау-шаңғы курорттарында қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды.
Ал, жалпы әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 60 миллионнан асты. Бұл Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі. Қауіпті індетті жұқтырғандар саны бойынша Америка Құрама Штаттары бірінші орында. Мұнда 13 миллион адам індет жұқтырған. Үндістанда 9 миллион 300 мыңнан астам адам аурудың ілмегіне іліккен. Бразилия мен Ресейде эпидемиологиялық жағдай аса күрделі.