Қазақстандық жас ғалым коронавирусты 7 минутта анықтайтын тест ойлап тапты. Назарбаев Университетінің түлегі Болат Сұлтанқұловтың айтуынша, тест арқылы кез келген адам үйде отырып-ақ өзін тексере алады. Отандық ғалым әзірлеген өнертабыс әлі сатылымда жоқ. Зертханалық тексеріс енді аяқталған. Клиникалық тексерістен өтіп, Денсаулық сақтау министрлігі құжаттарын рәсімдеуге көмектессе, халық саулығын қорғауға көп көмегі тиер еді дейді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Ноттингем және Питтсбург университетінің түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген жас генетик ғалым Болат Сұлтанқұлов елімізде індет өршігенде дертті жылдам анықтайтын тест жасауды ойластырған. Ол үшін алты ай уақытын арнаған. Қазіргі қолданыстағы ПЦР-тесттен айырмашылығы оған ешқандай қымбат құрылғы керек емес. Шикізаты аса қатты шығынды да қажет етпейді. Нарыққа шыққанда да бағасы халыққа әлдеқайда қолжетімді болмақ.
«Бұл тест антидене емес, өзі вирусты көрсетеді. Оны қолданатын наноденелер бар. Оған алтынды қостық. Наноденелерді маған Швейцариядан Цюрих университетінен жіберді, көмек ретінде осы тестті жаса деді. Наноденелердің ең маңыздысы ол өте арзан. Оны бір көптеген бактериялардың ішінен шығаруға болады», – деді жас ғалым Болат Сұлтанқұлов.
Ғалым айтып отырған наноденелерді акуладан немесе түйеден алуға болады екен. Қазақстанда ол өндірісте жоқ. Сондықтан шетелдік әріптестерінің көмегіне жүгінуге тура келген. Болат өнертабысын ойластырып, оны жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастырып жүргенде, шетелдің алып компаниялары мұндай жылдам тестің аналогын жасап қойған. Алайда олар антиденелерді қолданады.
«ЭББАТРОШ» компаниялары жасап жатқан тесттер оларға ерекше зауыттар керек. Өте үлкен инвестиция керек. Ал менің наноденелерді қолдануым, оларға ондай көп инвестиция керек емес. Сол ең маңыздысы», – деді жас ғалым Болат Сұлтанқұлов.
Жас ғалымның ойлап тапқан тез тесттін қолдану әдісі де оп-оңай әрі көп уақытыңызды алмайды. Егер вирус жұқтырғаныңызды сезсеңіз, 7 күн ішінде пайдалана аласыз. Тестпен бірге сұйықтық беріледі. Оған сілекейіңізді араластырып, тестті саласыз. Егер вирус анықталса, тестте сызықша пайда болады.
Отандық ғалым әзірлеген тест сатылымға шықпаған. Әзірге зертханалық тексеріс оң нәтиже көрсеткен. Қазір енді клиникалық сараптамадан өтуде. Егер өнертабыстың пайдасы дәлелденсе, 1 аптада 100 мың тест шығаруға болады дейді. Бар үміті Денсаулық сақтау министрлігінде. Құжаттарын тез арада рәсімдеуде ведомство көмегі аса қажет екен. Ал, әзірге бұл жобаны жасау үшін Жас ғалымдар альянсы қолдау көрсетіп, Назарбаев университетінің әлеуметтік қоры аз-маз грант бөлген. Сонымен қатар, Ұлттық биотехнология орталығы зертханамен қамтамасыз еткен.
Асылбек Тойбек