Коронавирустан вакцина әзірлеу акциясының алғашқы күні 7 млрд еуро жиналды

05.05.2020 20:18

Бір миллиард АҚШ долларына жуық қаражатты Норвегия да беруге уәде еткен

Ашық дереккөз

Коронавирус вакцинасын әзірлеуге арналған жаһандық акцияның алғашқы күні 7 миллиардтан астам еуро жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабына сілтеме жасап.

«Кеше Бельгия астанасы Брюссельде «Коронавирусқа жаһандық жауап беру» акциясы аясында қаржы жиналатыны туралы жарияланды. Онлайн конференцияның бірінші күні-ақ 7 млрд 400 млн еуро жиналды. Аталған акция екі аптаға созылады», - делінген ақпаратта.

Мәлім етілгендей, акцияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және Еурокомиссияның қолдауымен Еуропалық одақ елдері және қауымдастыққа кірмейтін Ұлыбритания, Норвегия және Сауд Арабиясы елдері ұйымдастырды. Сондай-ақ акцияға Жапония, Канада, ОАР және басқа елдердің көшбасшылары қосылды. ЕО елдері бір миллиард еуро бөлетінін мәлімдеді. Бір миллиард АҚШ долларына жуық қаражатты Норвегия да беруге уәде еткен.

«Біз бір адам қорғалып, екіншісі қорғалмаған әлемде өмір сүре алмаймыз. Бұл, ортақ жауды жеңу ғана емес, сонымен қатар ортақ қауіпсіз болашақты құру мүмкіндігі. Ақша жинау процесі 23 мамырға дейін жалғасады», — деді ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.

Іс-шараның серіктестері ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Билл және Мелинда Гейтс қоры, Вакциналар мен иммундау бойынша жаһандық альянс және басқа да халықаралық құрылымдар қатысады.