Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында коронавирус жұқтырғандардың саны 1,7 есеге өсті

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінде вакцинаның І компонентін 3,3 миллионға жуық адам салдырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында коронавирус жұқтырғандардың саны 1,7 есеге өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Оның сөзінше, 26 маусымнан бері Қазақстан «қызыл» аймақта тұр. Соңғы аптаның ішінде коронавирус инфекциясының 39 пайыз өсімі байқалған. Күн сайын стационарлардағы төсектердің жүктелімі де көбейіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Республика бойынша инфекциялық төсектердің жүктелімі 29 пайызға, реанимациялық төсектердің жүктелімі 24 пайызға жетті. Елімізде кейінгі кезде вакциналау қарқыны артып келеді. Өткен аптада вакцина салдырғандардың саны 250 мың адамнан 405 мың адамға өскен. Біз вакциналаудың тиімділігіне талдау жасап көрдік. Сәуір айынан бастап маусымға дейін екпе алғандар санының 1,3 млн адамнан 3,2 млн адамға дейін өсуі індет жұқтыру жағдайларын екі есе азайтқаны байқалды», ‒ деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Министрдің айтуынша вакциналау орындарында екпенің мөлшері жеткілікті. Бірінші компоненттің шамамен 800 мың дозасы және екінші компоненттің 1,4 млн дозасы бар. Бұл ретте Премьер-министр Асқар Мамин қызмет көрсету, білім саласында міндетті вакциналау аса қажет деп отыр.

«Бүгінгі күні вакцинаның І компонентін 3,3 миллионға жуық адам салдырды. Шамамен 2 миллион адам ІІ компонентті ектірді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Әкімдер вакцина салу қарқынын күшейту керек. Бұл әсіресе Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына қатысты. Қызмет көрсету, білім беру саласында міндетті вакциналау қажеттігі айқын байқалып отыр», ‒ деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Новости партнеров