Атырауға Ресейдегі қандастардан гуманитарлық көмек келді

04.08.2020 20:25

Бұл игілікті іске Астраханьдағы чешен қоғамдастығының мүшелері де атсалысқан

inform.kz

Атырауға Ресейдің Астрахань облысында тұратын қандастарымыздан 1 тоннадан астам гуманитарлық көмек келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атыраулық волонтер Назгүл Нәжікенованың мәлім етуінше, гуманитарлық көмек Астрахань облысындағы «Жолдастық» қазақ мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Қандықов пен «Қазақ мәдениетін дамыту» қорының төрағасы Эдуард Ысқақовтың бастамасымен жиналған. Көрші елдегі қандастар Атыраудағы ауруханамен байланыс жасап, қажетті медикаменттер тізімін алған.

«Бүгін Атырау облыстық кардиологиялық орталыққа 20 мың медициналық маска, 500 литр жезинфекциялық сұйықтық, 1 мың инфузиондық система, 1 мың медициналық дәке, 300 қорғаныш костюмі, түрлі медикаменттерді тапсырдық», – деді волонтер Назгүл Нәжікенова.

Оның айтуынша, көрші елдегі қандастарымыздың бастамасына Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин қолдау білдірген. Бұл игілікті іске Астраханьдағы чешен қоғамдастығының мүшелері де атсалысқан.