Коронавируспен ауырған қазақстандықтар шипажайлара сауықтыру көмегін алуы мүмкін. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Пандемия кезінде көптеген азаматтарға өз қаражатына емделуге тура келді. Біз мұны түсінеміз. Осыны ескере отырып, қор коронавирустық инфекцияға шалдыққан адамдарды сауықтыру туралы шешім қабылдады. Бізде Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен медициналық ұйымдар бар. Пандемия кезеңінде сауықтыру медициналық көмегі екі есеге қысқарды. Осыған байланысты, тамыз айынан бастап біздің қор коронавируспен ауырған науқастарды сауықтыруды бастайды», – деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде.
«Денсаулық сақтау министрлігі мен денсаулық сақтау басқармаларының құрамында өз шипажайлары, оңалту орталықтары және санаторийлік-курорттық ұйымдары бар. Бізге санаторийлік-курорттық ұйымдардың қауымдастығы жүгінді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, сауықтыру көмегінің алгоритмі әзірленіп жатыр», – деді Б. Төкежанов.
Қордың өзі талдау жүргізіп, халық арасында бұл қызметтерге деген қажеттіліктің өте жоғары екенін анықтаған.
«1406 байланыс орталығына осы жөнінде көптеген сұрақтар келіп түседі. Сондықтан, біздің қор Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, сырқаттан кейін науқастарды бақылау алгоритмдерін әзірлеуде. Біз емхана деңгейінен бастап оңалту орталықтары мен санаторийлік-курорттық ұйымдарға дейінгі барлық деңгейдегі көмек түрлерін қарастырып жатрымыз», – деп атап өтті қор басшысы.