Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күреске арналған детективті кітап жазып, фильм түсіру идеясын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біз сотталған, мемлекеттің қаражатын жеп айыпты болғандарды бүкіл ел алдында қарабет қылуымыз керек. Яғни, халық кінәлі азаматтың есімін ғана емес оның елге келтірген зиянын да білуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты елімізде айтатын, жазатын дүние жеткілікті. Осы орайда менің ұсынысым, мүмкін агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытында халық арасында үгіт-насихат жүргізіп қана емес, қаражат бөліп, детектив жанрында кітап жазылып, фильм түсірілсе. Оған негіз болатын сыбайлас жемқорлық деректері мен қылмыстық істер жетіп жатыр», – деді Айдос Сарым ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі агенттігінде өткен онлайн конференция барысында.
Қоғам қайраткерінің пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күресте детективті кітап мен фильм арқылы насихаттау тиімді құралдардың бірі.
«Әлемде ең көп сатылатын және жоғары сұраныс пен оқылымға ие кітап жанры ол - детектив. Өздеріңіз білетіндей кітап, фильм деген ол белгілі бір дүниені насихаттаудың құралы, ол арқылы кез келген нәрсені жақсы қылып көрсетуге де болады немесе керісінше. Басқаша айтқанда бұл мәдениетке келіп тіреледі. Сіз бен біздің осы қазір айтып отырған әңгімеміз осы жерде қалады, ал мазмұны жақсы кітап пен фильм – мәңгілік», – деді Айдос Сарым.