Қазақстан шекарасында санитарлық шектеулер алынып тасталды

08.02.2022 21:04

Енді визасыз мемлекеттерден елге келетін шетелдіктерге қатаң талаптар қойылмайды

Almaty.tv

Қазақстан шекарасында санитарлық шектеулер алынып тасталды. Мұндай шешімді ведомствоаралық комиссия қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді визасыз мемлекеттерден елге келетін шетелдіктерге қатаң талаптар қойылмайды. Тек жолаушылар екпе салдырған болуы және ПТР-тестінің анықтамасын көрсетуі тиіс.

Аустралия елі де саяхатшылар үшін шекарасын ашуды жоспарлап отыр. Континент екі жылдан бері жабық болған еді. Жалпы карантин талаптарын жеңілдету тенденциясы көптеген Еуропа елдерінде жүріп жатыр. Бірақ Жапония, Қытай және Жаңа Зеландия әлі де ережелерді қатаң ұстанған. 

«Шекараға қатысты жаңа ережелер өз күшіне 21 ақпанда енеді. Елге кірудегі басты шарт – толық вакцина алу. Бұл талапты бәрі сақтауы керек», - деді Аустралияның премьер-министрі Скотт Моррисон.

Ал елімізде екі аптадан бері коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші едәуір азайғаны байқалады. Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 2 мыңға жуық азамат вирус жұқтырған. Бұл кешегіге қарағанда мың адамға төмен.

Алматыда да эпидахуал жақсарып келеді. Дегенмен жалпы ел бойынша оңтүстік астанамызда жұқтыру жағдайы көп тіркеліп отыр. Өткен тәулікте жаңадан індетке шалдыққан 400 адам анықталыпты. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысында сырқаттар саны екі есе аз.