Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда дәрі-дәрмектің мөлшері азаймайтын екі айлық қоры жиналатынын мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Президенттің тапсырмасы бойынша халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында бірқатар шұғыл шара қабылданды. Біріншіден пандемия басталғалы бері өңірлер құны 14 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің 91 түріне өтінім жіберді. 2020 жылдың 22 шілдесінде бүкіл елдегі инфекциялық және провизорлық стационарлардағы дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Бірыңғай дистрибьютор 11,4 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің 91 түрін тиеп қоя берді»,– деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Министрдің сөзінше елде дәрі-дәрмектің мөлшері азаймайтын екі айлық қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілді.
«Бірыңғай дистрибьютор қазіргі уақытта сұранысқа ие, дәрі-дәрмектің құны 8,2 млрд теңгелік 44 түрін сатып алып жатыр. Бұл мөлшер стационарлардағы 60 мың науқасты емдеуге жетеді. Бұл бағыттағы шара дәрі-дәрмек резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектің тізімі кеңейтілді», – деді ол.