Оттегі станциялары екі есеге көбейіп, рентген аппараттарының саны қырыққа жетті
Түркістан облысы коронавирустың екінші толқынына дайындық үстінде. Өңірде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталған. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Қазір екінші толқынға толық дайындық жүргізіп жатырмыз. Осыған байланысты дәрі-дәрмек қоры құрылды. Екі айлық қор бар деп айтуға болады. Жалпы біздің облыста 557 дәріхана бар болса, соның 238-мен нақты меморандум бекітілді. Екінші толқын басталса, сол жерден дәрі алып, белгіленген бағамен дәріханалар ақылы сатамыз», – деді Шөкеев онлайн брифингте.
Сонымен қатар, айтуынша, ауруханаларда төсек-орын артығымен дайындалып қойған.
Медициналық бұйымдар да сатып алынды. Мәселен, оттегі аппараттары көктемде 178 ғана болса, қазір – 337. Оттегі станциялары екі есеге көбейіп, рентген аппараттарының саны қырыққа жетті.
«ПТР-зертханалар облыста жоқтың қасы болатын. Қазір 10 зертхана жұмыс істеп тұр. Бұл арзан шаруа емес. Бірақ біз бұған тиісті қаржы жұмсап, күніне 2 мыңға жуық тест жасап отырмыз», – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, үкіметтің көмегімен жылжымалы медициналық кешендер мен жедел жәрдем көліктері сатып алынды.
Жалпы, Шөкеевтің айтуынша, коронавируспен күреске үкімет резервінен және облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді.
Пандемия басталғалы бері облыста 3 439 адам коронавирус жұқтырды. Оның 3 371-і, яғни 98 проценті сауығып шықты, 46 адам қайтыс болды.