Коронавируспен ауыратын науқастарға барлық емханаларда дәрі-дәрмек тегін беріледі. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясын анықтау және емдеу хаттамасына тегін таратылатын дәрінің 5 түрін енгізді. Оны алу үшін не істеу керек? Тегін дәрі-дәрмектерді кімдер ала алады? Препараттар болмаған жағдайда не істеу қажет? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке жалғастырады.
Дәрі-дәрмектерді тегін алу үшін ең алдымен, тіркелген емханаға бару қажет. Одан кейін, COVID-19-ды анықтау кезінде ПТР-тест нәтижелеріне қарамастан, емдеуші дәрігер көрсетілімдер бойынша ем тағайындайды және қажетті препараттарға электрондық рецепт жазады. Содан соң, тіркелу орны бойынша емхананың жанындағы дәріханада рецепт пен жеке басын куәландыратын құжатты ұсына отырып, науқас дәрі-дәрмекке қол жеткізеді. Егер бұл препараттар жоқ болса, 1439 нөмірі бойынша «СК-Фармация» байланыс орталығына жүгіну қажет. Операторлар мәселенің себептерін анықтап, қажетті препараттармен қамтамасыз етуге көмектеседі.
«Бұл препараттарды қашықтықтан да жаздырып алуға болады. Керек деген жағдайда, тіпті дәрі-дәрмектерді барлық аймақ бойынша жұмыс істейтін мобильді бригада науқастың үйіне дейін жеткізіп салады. Бұл препараттарды ауру асқынған кезде де, басылған кезде де алуға мүмкіндік бар. Халықты дәрі-дәрмектен қамтамасыз ету ісі басталды», – деді ҚР ДСМ Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаментінің директоры Александр Костюк.
Шілде айының аяғында бұйрыққа дәрі-дәрмектің тізімін арттыру туралы өзгерістер енген еді. Ал 10 тамыздан бастап «СК-Фармация» бұл дәрі-дәрмектерді барлық өңірлерге жеткізіп бастады.
«Бұл дәрі-дәрмектерді емханалардан тегін алуға болады. Қаладағы дәрілік заттың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында біздің құрған резервтік қорымыз 5 млрд теңгені дәріханаларға, 5 млрд теңгені емханалар мен стационарларға бөлдік. Енді осы бағытта жұмыс жасалуы керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Дегенмен дерттен жазылып шыққан науқас медициналық оңалтудан өтуі керек. Ол үшін дәрігердің нұсқаулығымен, қажетті ем-дом қабылдаған дұрыс.
«Коронавирус індетімен ауырып шыққан науқастарға реабилитация қажет. Амбулаторлық реабилитация ол жергілікті емханаларда өткізіледі. Науқастарға психологиялық, респираторлық реабилитация өткізіледі. Ал стационарлық реабилитация ол профильдік стационарлар мен санаторийлерде өткізіледі», – деді № 16 қалалық емхананың жалпы дәрігерлер бөлімшесінің меңгерушісі Баян Такибаева.
Бүгінде коронавирус инфекциясымен күрес жүргізу мақсатында қолға алынған шаруалар мақсатты түрде жүзеге асып, тиісті нәтиже беруде.
Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы
ГРАФИКА-1. COVID-19: Тегін дәрі-дәрмектерді алу алгоритмі
Қандай дәрілер беріледі?
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясын диагностикалау және емдеу хаттамасына 5 препаратты енгізуді мақұлдады:
Парацетамол
Ибупрофен
Ривароксабан
Апиксабан
Дабигатран
ГРАФИКА-2. COVID-19: Тегін дәрі-дәрмектерді алу алгоритмі
Дәрілік препараттарды қайдан алуға болады?
Бұл дәрі-дәрмектерді бекітілген жердегі медициналық ұйымдардағы дәріханалардан алуға болады.
COVID-19: Тегін дәрі-дәрмектерді алу алгоритмі
ГРАФИКА-3. Тегін дәрі-дәрмектерді кім ала алады?
COVID-19 диагнозы қойылған пациенттер аурудың жеңіл ағымында ПТР-тесттің нәтижесіне қарамастан, тіркелген жеріндегі емханаларда емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша қызу түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды тегін ала алады