«Күзде коронавирустан балалар өлуі мүмкін». Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері әлеуметтік желіде тараған осындай жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Ол ауаға «таратылатын» газға қатысты пікір білдіріп, індетке қарсы әлем ғалымдарымен 166 вакцина әзірленгенін жеткізді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек айтсын.
Айжан Есмағамбетованың сөзінше, әлемде қазір 166 вакцина әзірленген. Олардың 120-сы клиникаға дейінгі сынақтан өткен. 17-сі адамдарға сыналған. Олардың қатарында ресейлік екпе де бар. Ал Ұлттық зерттеу орталығының ғалымдары жасап шығарған вакцина клиникаға дейінгі сынақтың бірінші фазасынан өтіп отыр.
«Біз қауіпсіз әрі тиімді вакцинаны күтудеміз. Қандай екпе нарыққа бірінші шықса, бірден өндірушілермен жеткізуді ұйымдастырамыз. Бірақ біз қазір вакцинаны бүкіл әлем күтіп отырғанын білеміз. Сондықтан кезек те бар. Дәл осы үшін GAVI альянсы құрылды. Әлбетте қатер тобындағы тұлғалар екпені бірінші болып алады. Себебі олар үшін коронавирус ауруы өте қауіпті. 60-65 жастан асқан белгілі бір созылмалы аурулары бар адамдар, әлбетте бірінші кезекте», – деді ҚР Бас санитарлық мемлекеттік дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Айжан Есмағамбетова науқастарды емдеп, жұмыс кезінде коронавирус жұқтырған 500 медицина қызметкері 2 миллион теңгеден алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық әкімге төлемдер бойынша жұмысты жандандыру және өңірлік комиссияларға ұсынылатын құжаттарды кідіріссіз қарау тапсырылған. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев карантин кезінде 1,3 миллион адам жұмыссыз отырғанын айтты.
«830 мың бизнес нысаны әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Шамамен 1,3 миллион адам жұмыссыз отырды. Енді осы қабылданған шараларға байланысты көптеген бизнес түрлері 17 тамыздан бастап жұмыс істеуге мүмкіндік алады», – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.
Эльдар Жұмағазиев 17 тамыздан кейін қызметіне рұқсат берілмейтін нысан қызметкерлеріне өтеамқы төлеу ұсынысы енгізілгенін де жеткізді. Мәселен, түнгі клубтар мен барлардың жұмысы жанданбайды. Ал вокзалдар да 74 маман жұмыссыз отыр. Осы мәселеге қатысты Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Экономика министрлігімен бірігіп ұсыныс әзірлемек.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан