|
12.10.2021 | 20:09
3299

Пандемия басталғалы күйзеліске ұшыраған адамдар саны 25% өскен

Адам ағзасында оттегінің ұзақ уақыт жеткіліксіз болуы психологиялық күйзеліске әкеп соғады

Пандемия басталғалы күйзеліске ұшыраған адамдар саны 25% өскен Almaty.tv

Соңғы бір жылда әлемде адамдардың депрессияға ұшырау жағдайлары 28 пайызға өскен. Жалпы, күйзеліске ұшырағандардың басым көпшілігі – үйдегі зорлық-зомбылық көрген әйелдер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Депрессиялық жағдайдың күрт өсуіне локдаун, қашықтан оқу, табыстан айырылу, үйде қамалу сияқты шектеулер себеп болған. Ал вирустан қорқып, бойын үрей билегендіктен психологиялық ауруға душар болғандар да бар. Оған қоса, вирустың салдарынан көру, есту қабілетінің нашарлап, ұзақ уақыт дәм сезбегеннен науқастар өмірдің мәнін жоғалтады. Сондай-ақ, COVID-19 вирусы жүйке жүйені де зақымдайды. Салдарынан адам мазасызданып, ұйқысы қашады, асқорыту мүшелерінде ауыртпалық сезінеді

«Коронавирус инфекциясы қан тамырларының ішкі қабырғасын зақымдауы мүмкін. Нәтижесінде тамырдың функционалды қызметінде бұзылулар орын алып, орталық жүйке жүйесінің жұмысы нашарлайды. Сондай-ақ, респираторлық синдром қанның құрамындағы оттегінің айтарлықтай төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Ал адам ағзасында оттегінің ұзақ уақыт жеткіліксіз болуы психологиялық күйзеліске әкеп соғады», – деді ДДҰ Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі психикалық денсаулық жөніндегі ұлттық кеңесшісі Николай Негай.

Мамандар бұл симптомдардың коронавирустан кейін 3 айға дейін жалғасатынын айтып отыр. Мұны болдырмас үшін екпе алу керек екенін алға тартады. Бүгінде алматылықтардың 53 пайызы вакцина алып, қалада эпидахуал тұрақталып келеді.

Мәселен, өткен аптада мегаполисте COVID-19 вирусын жұқтыру индексі 0,94-тен 0,89-ға төмендеді. Вирус, әсіресе, мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушылары арасында бәсеңдеп келеді. Ал қариялар мен жастар әлі де көп жұқтыратындар қатарында. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жедел штаб отырысында хабарлады. Десе де, дәрігерлер вирус жұқтырғандарға үйде өз бетінше емделуге болмайтынын айтады.

«Антибактериалдық ем немесе басқа да гормональды ем, қан сұйылтатын дәрілерді үй жағдайында қолдануға болмайды деп қаншама рет айттық. Тек қана дәрігердің кеңесінен кейін алу керек. Бізде егер бір ем бір адамға көмектессе, өзгеге де көмектеседі деп ойлайды. Сол себепті, дәрілерді үй жағдайында іше бастайды. 1-2 күн жеңілдеген секілді болады. Бірақ соңында жағдайы ауыр болып, реанимацияға түседі. Біз сондай қате түсініктен алшақ болуымыз керек. Себебі, неғұрлым жылдам емге жүгінсеңіз, соғұрлым тез емделесіз де, асқынулар болмайды», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының аға дәрігері Абзал Малбасқанов. 

Дәрігерлер мутацияланған коронавирус жұққанда буынның сырқырап ауруы, дене қызуының түспеуі және іштің өтуі секілді симптомдар байқалатынын ескертеді. Сондықтан егер бұл белгілерді байқасаңыз, бірден дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Сақтық – денсаулық кепілі.    

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир