Алматыда COVID-19-ға қарсы ерікті вакциналау басталды

01.02.2021 20:34

Әрбір емханада иммундау жүргізетін салқындату жабдықтары бар жеке вакциналау кабинеттері бар

russian.cgtn.com

Алғашқы ерікті вакциналаудан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Н. Табынбаев және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ж. Бекшин, сонымен қатар мәслихат депутаты, №5 Қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Б. Садықов өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ерікті вакцинациялау Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. 1 ақпаннан бастап Алматыға кешке қарай жеткізілген «Спутник V» вакцинасы пайдаланылады және препарат вакцинация жүргізетін емханаларға бөлінді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаровқа, Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Н. Табынбаевқа және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ж. Бекшинге, сонымен қатар мәслихат депутаты, №5 Қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Б. Садықовқа №5 қалалық клиникалық аурухананың базасында алғашқы ерікті вакциналау жасалды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров халықты иммундаудың маңыздылығын атап өтті.

«Вакцинация – бұл пандемиямен күрестегі шешуші қадам. Бүгін мен оның маңыздылығын, қауіпсіздігін көрсету үшін вакцинаны қабылдадым. Жақында өзіміздің отандық вакцина егуге дайын болады. Біз ғалымдарға сенеміз. Сондықтан мен қала тұрғындарына – барлығына осы қадамды жасауға кеңес беремін. Вакциналау жүріп жатқан кезде біз маска тағуды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды жалғастыруымыз және вируспен күресудің басқа шараларын қолдануға тиіспіз», – деді Е. Бабақұмаров.

Фото: nur.kz / Петр Карандашов

Вакциналауды жүргізу үшін екпе салатын пункттердің дайындығы тексерілді, профилактикалық егулер жүргізудің стандартты жұмыс тәртібі бекітілді. Барлығы 40 БМСК анықталды. Иммундау үшін Алматы ҚДБ-дан 144 медициналық маман оқудан өтуде.

Әрбір емханада иммундау жүргізетін салқындату жабдықтары бар жеке вакциналау кабинеттері бар. Кабинеттерде дәрігер, мейірбике-вакцинатор және мейірбике-тіркеуші сияқты мамандар жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар, вакцина алғандардың 30 минут дәрігерлердің бақылауында болуы үшін жеке бөлмелер де қарастырылған.

Ерікті вакциналауға профилактикалық екпеге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вакциналау алдында дәрігер міндетті түрде тексеруден өткізеді.