Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенко екі жақты пневмониямен өңірдегі клиникалық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Жексенбі, 27 қыркүйекте Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенко екі жақты пневмониямен өңірдегі клиникалық ауруханаға жатқызылды. Осыған дейін ол үйде коронавирустан емделді. Қазіргі таңда Виктор Томенконың тесті коронавирусқа теріс нәтиже көрсетті», – делінген Telegram-дағы аймақтың каналында.
Сейсенбіде губернатордың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Өлкенің үкіметін басқару қашықтан жүргізіледі. Виктор Томенконың қатысуымен өтетін шаралар келесі 10-14 күнге тоқтатылды.
Кейін губернатор Instagram-дағы жеке парақшасында видео жариялады. Онда ол басы ауыратынын, дене температурасы 38 градусқа дейін көтерілгенін айтты. Алайда Томенко өзін жақсы сезінетінін атап өтті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өз оқырмандарына денсаулығын күтіп жүруге, дәрігерлерге уақытында баруға кеңес берді.