Алматылық әскерилер қаладағы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуді белсенді түрде жалғастыруда. Дезинфекция шараларына қала бойынша екі мыңнан астам жауынгер тартылған. Бүгін олар Әуезов ауданына қарасты әлеуметтік нысандар мен көшелерді залалсыздандырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаладағы көшелер мен ғимараттарға дезинфекциялық жұмыстарды жүргізу мақсатында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтынан 8 жасақ тартылды. Әр құрамда жасаққа жауап беретін капитаннан бастап, қатардағы сарбазға дейін 11 адам бар. Күн сайын барлық жасақ әскери техника, жеке қорғаныш құралдары және медициналық формамен қамтылып отырады. Институт жанынан бөлінген бүгінгі №3 сектор Әуезов ауданына қарасты мекемелер мен көшелерді тазартты.
«Қазір Шаляпина көшесінен бастап, Момышұлы, Абай, Саина көшесі және осы квадраттағы Мамыр-4 шағын ауданына кіретін мектептер, балабақша, клинкалар берілді. Дезинфекциялық жұмыстарды бітіргеннен кейін мына киімдерімізді, маска, қолғаптарымызды жоюға жібереді, бізді тексереді», – деді ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, радио орталығының бастығы Асқар КАРПЕКОВ.
Осындай белсенді жұмыс жүргізудің нәтижесінде қаладағы қауіпті ошақтардың саны азайған. Мамандардың айтуынша, мұндай дезинфекциялық шаралар коронавируспен қатар өзге де жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қолға алынып отыр. Қазір қалада залалсыздандыру жұмыстарының 12-кезеңі жүріп жатыр.
Дәл қазір біз Әуезов ауданына қарасты Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында тұрмыз. Әскери сарбаздар дәл осы техниканың көмегімен дезинфекциялық жұмыстар жүргізеді. Мұның аты АРС-14 деп аталады. Бұл техника бөшкесінің сыймдылығы 6 мың литр. Өздеріңіз көргендей, әскери техникаға 4 шланга жалғанған. Әрқайсысының ұзындығы 20 метр. Осының көмегімен әскери сарбаздар көше-көшелерге дезинфекциялық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сыймдылығы 6 мың литр бөшкедегі суға 5 литр арнайы ерітінді құйылады. Оның қоспасында вирусты жоятын химиялық дәрілік зат бар. Сәйкесінше химиялық дозасы жоғары, вирусты өлтірудегі әсері де мықты. Ал адамға еш зияны жоқ дейді мамандар.
«Қазіргі дезинфекциялық жұмысқа қолданылып жатқан ерітінді адам баласына және жан-жауарларға ешқандай зияны жоқ. Десес де тұрғындарға 4 сағатқа дейін мүмкіндігінше шықпауға кеңес береміз. Себебі бұл химиялық улы зат қой», – деді ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының қондырғы командирі Олжас ӘЛІМБЕТОВ.
Жалпы карантин тәртібін қамтамасыз етуге Қарулы Күштердің 2 мыңнан астам қызметкері тартылған. Бүгінге дейін олар қаладағы 1778 әлеуметтік-нысан мен 4686 көшені өңдепті. Олар қалада карантин аяқталғанға дейін залалсыздандыру жұмыстарының 16 кезеңін орындауды жоспарлап отыр.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы