Алғашқы бестікте АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Франция тұр
Ұлыбританияда өткен тәулікте 16 мың адам коронавируспен ауырып қалған. 500-ден көп науқас көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл бір күнде болған оқиға. Аталған елдің билігі келесі аптада 800 мың доза вакцина алдыртпақ екен. Айта кетейік, Ұлыбритания Еуропадағы коронавирусқа қарсы вакцинаны лицензиялаған алғашқы мемлекет болып отыр.
Ал Бразилияда індеттің ілмегіне ілінгендер қатары артып келеді. 47 мың науқас тіркелген. Рио-де-Жанейро қаласында аурудан мерт болғандар өте көп. Осы елдің ең ірі мегаполисінде науқастарға арналған орындар жетпей жатыр.
Еске салайық, жаһанда 67 миллион азамат осы кеселге шалдыққан. Алғашқы бестікте АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Франция тұр. 1 жарым миллионнан көп науқас аурудың құрбаны болды. Дерт күн сайын өршіп барады. Сондықтан, барынша сақтық шараларын ұстанып, көпшілік жерде маска киіп, ара қашықтықты сақтап жүрейік.