Жұқтыру бойынша алдыңғы шептегілер: АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Ұлыбритания
Бүгінгі көрсеткіштер бойынша жаханның 107 миллионнан астам адамы вирус жұқтырған. Індет салдарынан көз жұмғандар саны 2 миллион 300 мыңнан асады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жұқтыру бойынша алдыңғы шептегілер: АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Ұлыбритания.
Басқа мемлекеттерде жағдай әлі де күрделі. Абу-даби билігі елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты, мемлекеттік қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстырмақ. Бірінші кезекте 60 жастан асқан және созылмалы ауруы бар қызметкерлер үйден жұмыс істеуге көшеді. Кеңселерде ұжымның 30 пайызы ғана жұмыс атқарады. Сондай-ақ, оларға әр апта сайын ПТР-тестін тапсыру міндеттелген.
Сеулде және оның маңында орналасқан аудандарда бүгіннен бастап үй жануарларынан ПТР-тест ала бастайды. Мұндай шешім, Чинджу қаласында үй жануарларынан COVID-19 анықталғаннан кейін қабылданып отыр. Сеул мэриясының өкілі Пак Ю Мидің айтуынша тест алуға дәрігерлер мен қатар ветеренария өкілдері де жұмылдырылады. Егер тест оң нәтиже берсе, ит пен мысықты 14-күндік үй қамақта ұстау қажет.
Ал, Израильдің Явне қаласының мэрі жергілікті мектеп ұстаздарына шарт қойды. Егер де оқытушы мектепке оралып, сабақ өткізгісі келсе, міндетті түрде коронавирусқа қарсы екпе салдыртуы қажет. Қала мэрі Цви Гов-Ари өзінің мәлімдемесінде балабақша тәрбиешілерінің түгелі дерлік вакцинациялаудан өтпейінше, мекеме ашылмайтынын айтты. Қала басшысы мұндай шешімді өңірдегі ахуалдың нашарлауына байланысты қабылдаған.