Алматы облысында 140-тан астам кәсіпкер дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз өсіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

18.08.2020 18:46

Қапшағай әкімінің айтуынша, ауру деңгейінің ең жоғары кезеңінде гуманитарлық көмектің негізгі үлесі кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген

inform.kz

Алматы облысында 140-тан астам кәсіпкер дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз өсіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысы мәлімдеді. Осы ретте арнайы мониторингтік топ Қапшағай қаласындағы дәріханалар мен ауруханаларды және бірнеше әлеуметтік нысанды тексерді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсеннің бейнематериалында.

Қапшағай қалалық аурухана директоры тексеріс тобына қоймаларда қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтардың барлығы жеткілікті екендігін көрсетуде. Оның сөзінше, маусым мен шілде айларында да мұнда медициналық препараттарға деген тапшылық байқалмаған.  

«Бізде дәрілердің барлығы жеткілікті мөлшерде бар. Бөлімшелерде 2-3 аптаға дәрі қоры болса, жансақтау бөлімінде 1 айлық. Барлық медициналық препараттар демеушілердің қаржысына алынып отырды. Олар көбіне Ресейден тапсырыспен алдырды», – деді «Қапшағай қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры Айман Рақышева.

Ал, бұл – қаладағы ең ірі дәріханалардың бірі. Фармацевттердің айтуынша, ауруханаларға қарағанда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалған. Мұны қала тұрғындары да растап отыр. Олар да бірнеше сағаттап кезекте тұрғандарын және дәрі алу үшін Алматыға сабылғандарын айтады.  

БЛИЦ:

– Көптеген уақытта керекті дәрілеріңді таба алмай қаласың да, дәріханадан д»рәханаға жүгіресің. Біреуінде бар, біреуінде жоқ.

– Әр дәріханада әртүрлі болды ғой. Біреуінде бар, біреуінде жоқ. Табылмай қалған кездер болды ма? Иә.  

Бүгінде мұнда жағдай тұрақты. Дегенмен кейбір елді-мекендердегі дәріханаларда ковид пен пневмонияны емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер әлі де болса қымбат бағамен саудалануда. Бұлар көбіне шағын ауылдарда деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы.

«Әлеуметтік дәрілердің бағасын көтергендер міндетті түрде жауапқа тартылады. Мәселен, бүгінгі күнге дейін Қапшағай қаласының өзінде 18 әкімшілік іс қозғалды. Оның бірі осы Шеңгелді ауылында. Заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Біз күн сайын мониторинг жасап тұрамыз. Егер бағаны негізсіз өсіру кезінде қажет болса, біз лицензияны қайтарып алуға дейін барамыз», – деді  Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ернар Мақажанов.

Ал, Қапшағай әкімінің айтуынша, ауру деңгейінің ең жоғары кезеңінде гуманитарлық көмектің негізгі үлесі кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген. Жергілікті бюджеттен түскен қаражат диспансерлік орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалған.

«Жергілікті бюджеттен дәрі-дәрмектерді сатып алуға 2,9 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, төсек-орынмен қамтуға да қаражат бөлінді. Осыдан кейін ауруханалар сыйымдылығы да артты. Аурухана 150 орынға шақталған. Қазір бізде 320 төсек орын бар», – деді Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев.

Аймақта жүргізілген тексерулер кезінде дәрі-дәрмектердің бағасын көтерген 140-тан астам кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Арнат Дүйсен, Жанат Әйтенова, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы