Нұр-Сұлтанда 6 стационар жұмысын тоқтатты

17.08.2020 21:01

Эпидемиологиялық жағдай ушықса, стационарлар қайта ашылады

elorda.info

КВИ жұқтырушылар санының төмендеуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласында алты стационар жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Facеbook-тағы ресми парақшасында өткен онлайн брифинг барысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратов айтты.

Эпидемиологиялық жағдай ушықса, стационарлар қайта ашылады. Елордада вирустың шарықтау уақытында жалпы саны 4000 орын болатын 16 стационар жұмыс істеді.

«17 тамыздағы жағдай бойынша қалада вирусқа шалдыққандар саны 13500 адамды құрайды. Олардың 75 пайызы сауықты. Бүгінде стационарларда 343 науқас ем алуда. Стационарлардың жүктемесі 99%-дан 17,2%-ға дейін төмендеді. КВИ белгілері барларды қабылдау бойынша фильтр-кабинеттердің жұмысы жалғасуда»,– деді басқарама басшысы.

Covid-19 бойынша жедел жәрдем шақыру саны тәулігіне 500-ден 6-ға дейін азайды. Шақырулардың жалпы саны 3 есе – тәулігіне 3 мыңнан 1 мыңға дейін төмендеді. Стационарларда пневмониямен ауыратын науқастардың саны 7 есе азайды.

Сондай-ақ, басқарма басшысы елордада емханалар жұмысы 10 тамызда жанданғанын атап өтті. Тұрғындарды қабылдау алдын ала жазуылу бойынша жүзеге асады. Профилактикалық тексерулер, скрининг, госпитализация, стоматологиялық қызмет көрсету ісі жүзеге асуда. Алайда, барлық санитарлық шараны сақтау міндеттеледі.