Қазақстанда коронавирус жұқтырған 450-ден астам адам ауыр халде жатыр. Ол туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Оның сөзінше, 80-ге жуық адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал, жалпы 28 мың 300-ден астам адам ем алуда. Министр наурыз айында қауіпті вирус жұқтырғандар саны 30 пайызға көбейгенін мәлімдеді. Үкімет халық арасында таралуын үдеткен дертпен қалай күреспек? Елордалық Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Денсаулық сақтау минимстрі Алексей Цойдың сөзінше, вирустың өршуіне жаңа штамдар себеп болған. Осыған байланысты өңір әкімдері инфекциялық төсек-орындармен және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің мобильді бригадаларымен қамтамасыз ету бойынша шұғыл іс-шаралар қабылдауы қажет, дейді ол. Мамандардың айтуынша, таяуда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, коронавирустың британдық штаммы бастапқы штаммға қарағанда қауіпті. Оны жұқтырған адамдардың ауруханаға жатуы көбірек кездеседі әрі өлім-жітім қаупі де жоғары болып отыр.
«Бразилиялық штамм өлім-жітімге көп әкеле бермейді. Дегенмен ол COVID-19-дың бастапқы штамына қарағанда жеңіл таралады. Сонымен қатар, коронавирустың британдық штамы өткен жылғы штамен салыстырғанда 1,7 есе, оңтүстікафрикалық штамға қарағанда, 1,5 есе, ал бразилиялық штаммға қарағанда 2 есе жылдам таралады. Бұған қоса, репродуктивтілік саны 1,1-ден 1,9-ға дейін артуы мүмкін. Бұл аталған штаммдардың біртіндеп басым бола түсуіне алып келеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Естеріңізге салайық, коронавирусқа қарсы қарсы іс-қимыл жөніндегі отырыста Президент елімізде вакцинациялау жұмыстары бәсең жүріп жатқанын сынға алған еді. Сыннан нәтиже шығаруға талпынған Үкімет осы айда елімізге вакцинаның 2 млн дозасы жеткізіледі деп отыр. Бұл вакцинациялауға жататын тұрғындардың 23,4 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Ал, алдағы 3 айда 6 млн адам екпе алады деп жоспарланған. Ұжымдарда және адамдар көп жиналатын орындарда вакцинациялау жүргізуге жылжымалы егу пунктері жұмылдырылады.
«Осыған орай облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдері халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялаумен қамтуды арттыру үшін адамдар көп жиналатын жерлерде уақытта егу пунктттерін/бригадаларды ұйымдастыруы; көшпелі егу бригаларын екпе жүргізу үшін термоконтейнерлермен және вакцина сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтардың жеткілікті санымен қамтамасыз етуі қажет», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Бұл ретте вакцина алған тұлғаларға мониторинг жүргізу және оларды есепке алу үшін «Антиковидтік паспорт» әзірленеді.
«Денсаулық сақтау, Цифрландыру, Ішкі істер министрліктері, «Атамекен» палатасы, өңірлердің әкімдіктері сәуірдің соңына дейін бизнес субъектілерінің қызметін жаңарту және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін «адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталарын» енгізу мен мобильді мониторингтеу топтарының тиімділігін жақсарту мақсатында барлық өңірлерге «Ashyq» жобасын енгізсін», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Коронавируспен ауырғандар саны күрт артқан жағдайда төсек орын мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті деп сендіреді Үкімет. «СҚ-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда қажетті препараттардың 2 айлық қоры жасақталған.
«Қызыл» және «сары» аймаққа көршілес облыстарда да карантиндік шектеулер күшейтіледі. Осыған байланысты бизнестің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлер «Ashyq» жобасын кәсіпкерлік субъектілеріне енгізу бойынша нақты шешімдер қабылдайды. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда вакцинаға қатысты фейк ақпаратпен күрес күшейтіледі.
Асылбек Тойбек