Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Америка Құрама Штаттары бірінші орында келеді
Украина карантиндік шектеулерді келер жылдың ақпан айына дейін ұзартты. Сақтық шараларын 28-інші ақпанға дейін енгізу туралы тиісті қаулыны елдің министрлер кабинеті Үкімет отырысында қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл шектеулер елдің бүкіл аумағы еніп отырған «қызғылт сары аймақ» шектеулеріне сәйкес келеді. Жаңа талапқа сай қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты 23:00-ге дейін ұзартылады. Қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында тұмаудың өрши түсетіні ескеріліп, шектеу шаралары күшейтілмек. Жаңа жыл түнінде тамақтану орындарына түнгі сағат 1-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Украинада 845 мың адам коронавирус індетінің ілмегіне іліккен. Оның 12 жарым мыңы соңғы тәулікте тіркеліпті.
Жапонияда коронавирус жұқтырғандардың рекордтық саны тіркелді. Елде бір тәулікте 2 мың 679 адам дертке шалдығып, 555 науқас ауыр халде жатыр. Бұл пандемия басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Токиода да инфекцияға шалдығудың 572 оқиғасы тіркелді, бұл да рекордтық көрсеткіш. Хоккайдодағы ірі қалаларда, сондай-ақ Токио мен Осака сынды қала аудандарында қарашадан бері індет жұқтырғандар санының артқаны байқалады. Оған қоса ауруханалар мен науқастарға арналған мекемелерде орын тапшылығы бар. Медицина қызметкерлері жетіспей жатқандықтан, құрлықтағы күштер өз медбикелерін Жапонияның солтүстігіндегі қалаларға жіберіп жатыр.
Жалпы пандемия басталғалы әлем халқының 69 миллионы коронавирус індетін жұқтырды. Бұл туралы Worldometer порталы мәлімдеді. 1 миллион 500 мың адам індеттің құрбаны болды. Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Америка Құрама Штаттары бірінші орында келеді. Осы уақытқа дейін елде 15 миллионнан астам жағдай тіркелген. Одан кейін Үндістан мен Бразилия тұр. Франция мен Ресейде де эпидемиологиялық жағдай күрделі. Ережені елемегеннің соңы жақсылыққа апармайтыны анық.