Таңғы сағат 08.00-де алматылық медицина қызметкерлері де ревакцинация жасауды бастады. «Спутник V» екпесінің екінші дозасын қала бойынша 1750 адам алады. Еске салсақ, коронавирусқа қарсы екпені дәрігерлер ақпанның 1-інде қабылдаған еді. Бүгін қоймадағы вакциналар қаладағы емханаларға таратылды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасының екінші партиясы қалаға жұмадан сенбіге қараған түні әкелінген. 1750 доза болатын екпе орталық вакцина сақтайтын қоймаға жеткізілген. Бүгін оларды тарату жұмыстары арнайы тоңазытқышы бар көлікпен ұйымдастырылды.
Вакциналар таң сәріден бастап көлікке тиеліп жатыр. Осымен екінші рет тараталытан екпе қаладағы 15 емханаға үлестіріледі.
«21 күн өткендіктен бізде ревакцинациялау басталады. Бұған дейін екпе алған 1750 қызметкер қайта алатын болады. Сосын басқа да жұмысшыларды еге бастаймыз. Наурызда белгілі бір көлемде тағы вакцина келеді. Сөйтіп, ай сайын екпе алушылардың ауқымын көбейте береміз», – деді қалалық орталық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Эльвира Ибрагимова.
Вакцинаның екінші құрамдас бөлігі алғаш болып Наурызбай ауданындағы № 36 емханаға жеткізілді. Бұл емханаға екпенің 32 құтысы, яғни 160 доза тиесілі. Оның барлығы осы аудандағы медицина қызметкерлеріне салынады.
«Вакцина сақталатын тоңазытқышымыз бар. Барлық жағдай жасалынған. Арнайы өзінің шприці болады. Екпені салуға бүгінге дайынбыз. Наурызбай ауданы бойынша төрт емхана келеді», – деді №36 қалалық емхананың эпидемиологы Айдана Дарбекова.
Бұған дейін салынған екпеден қатты асқыну мен айтарлықтай ауырсыну деректері тіркелмеген. Дегенмен қызу көтеріліп, қалтырау сияқты жеңіл түрдегі белгілер екінші кезеңде болуы мүмкін. Жалпы бұл вакцинаның иммунитеті 2 жылға дейін жетеді дейді мамандар.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы