Алматыда COVID-19 инфекциясын анықтайтын зертханалар саны артады

11.05.2020 20:58

Алматыда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың күнделікті өсу қарқыны 27 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеген

Фото:elements.envato.com

Алматыда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың күнделікті өсу қарқыны 27 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, мұндай көрсеткіш тұрғындар арасында белсенді жүргізілген профилактикалық скринингтік әдістің нәтижесі. Сондай-ақ, шаһардың бас санитары елде төтенше жағдай аяқталғанымен карантин режимі сақталғандығын айтты. Сондықтан босаңсуға болмайды және санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарды естен шығармауды ескертті.

Қалада осы уақытқа дейін жалпы 85 мыңға жуық адам COVID-19 инфекциясын анықтауға арналған тестіден өтсе, оның ішінде 61-мыңы ПЦР әдісімен, ал 24 мыңы экспресс-тест тапсырған. Мұндай белсенді профилактикалық скринингтік тексерістен кейін 75% науқастың бойындағы қатерлі инфекция симптомсыз, жеңіл кезеңінде анықталған. Бұл дегеніміз  –  ауруды асқындырмай дер кезінде анықтау.

«Қауіпі бар топтарға зерттеу жүргізіп жатырмыз. Республика бойынша аймақтардың арасында бұл ең үздік көрсеткіш деп айтуға болады. ПЦР диагностика – бұл алтын стандарт. Ең дұрыс сапасы, диагностика көрсететін әдіс деп айтуға болады», – деді  қалалның бас санитар дәрігері Жандарбек БЕКШИН.

Шаһарда COVID-19 инфекциясын анықтайтын 6 зертхана жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта олардың саны тағы да артады дейді мамандар. Ал, қаладағы күн сайын тіркеліп жатқан жаңа деректер, карантинге алынғандар арасынан шығып жатыр деп түсіндірді. Бүгінгі таңда қауіпті індетке шалдыққандардың 92 пайызы байланыста болғандар.      

«Біз соңғы уақытта табылып жатқан аурулар карантинге алынған, медициналық бақылауға алынған топтардың ішінен табылуда. Бұл топтар бүгінгі таңда бақылауда. Олар халықтың ортасына, қоғамның ортасына жіберілуге оларға тыйым салынған. Сондықтан карантинге алынған мекемелерден табылғаннан кейін бұл адамдар халыққа қауіпті індетті таратуға мүмкіндік алмайды», –  деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.   

Ал, төтенше жағдай аяқталса да, Алматыда 11 мамырдан кейін карантин режимі сақталады. Қаланың периметрі бойынша орналасқан блок-бекеттердің жұмысы бұрынғы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Шаһарда жүргенде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормалары қатаң сақталуға тиіс. Оған қоса Штабтың шешімімен қалада жұмысына рұқсат етілген кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлеріне ғана жүріп-тұруға болады. Олар кезең-кезеңімен жұмысын қайта жандандырған мекемелер.  

Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорындар:

- мемлекеттік және құқық қорғау органдары;

- коммуналдық қызметтер;

- өнеркәсіп;

- құрылыс;

- жобалық ұйымдар;

- жылжымайтын мүлік агенттіктері;

- ХҚКО (заңды тұлғаларға қызмет көрсету үшін);

- нотариустар;

- адвокатура;

- азық-түлік дүкендері мен базарлар;

- кафелер мен мейрамханалар (өзімен алып кетуге ғана болады);

- медициналық клиникалар;

- стоматология;

- зертханалар;

- дәріхана;

- көлік және логистика;

- дистрибуция;

- ЖҚС;

- онлайн жеткізу;

- Екінші деңгейдегі банктер және басқа да қаржы ұйымдары (50%-ға дейін);

- сақтандыру;

- ломбардтар;

- бизнеске арналған кәсіби қызметтер (консалтинг, аудит және бухгалтерлік қызметтер);

- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;

- азық-түлік емес дүкендер, жалпы ауданы 500 м2 дейін;

- ТҚС, көлік жуу және шиномонтаждау;

- шаштараз;

- фотосалондар;

- гүл павильондары;

- химиялық тазарту (кір жуу орындары);

- техника және аяқ киім жөндеу орындары;

- баспа үйлері;

- айырбастау пункттері;

- ветеринарлық қызметтер.