Әлемдегі коронавирус пандемиясы

08.01.2021 20:59

Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 88 миллионнан асты

Фото: ашық дереккөздер

Германияда бір тәулікте 32 мың адам коронавирус жұқтырған. Бұл – елдегі рекордтық көрсеткіш. Роберт Кох атындағы институттың мәліметінше, бір күнде 1188 адам қауіпті індеттен көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал, Жапония Үкіметі ел астанасы Токио мен оның маңындағы қалаларда 1 айға төтенше жағдай енгізді. Бұл жолғы шектеу шаралары, былтырғы жылғы пандемияның алғашқы толқынына қарағанда әлдеқайда жеңілдеу. Бүгіннен бастап Сайтама, Канагава және Тиба аймақтарында мейрамханалар мен шарапханалар кешкі 8-де жабылып, көшеде себепсіз жүруге және көп адам болып жиналуға тыйым салынды. Қауіпті індет - көбіне жастар арасында көп тарағандықтан, елдің Премьер-министрі оларды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Өткен тәуліктің өзінде Токиода - 2447 адам инфекция жұқтырыпты. Елде 3700 адам індеттің құрбаны болды. 

Ал Украина, қатаң локдаун енгізді. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауынан мейрамхана, фитнес-залдар, мектептер мен жоғары оқу орындары 24 қаңтарға дейін жабық болады. Үкімет отырысында қабылданған мұндай шешім Денсаулық сақтау жүйесіне түсетін ауыртпалықты азайтпақ. Қатаң локдаун тұмау мен басқа да жұқпалы аурулардың қозатын тұсында коронавирус індетінің таралуын тоқтатуға бағытталған. 

Жалпы, әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 88 миллионнан асты. Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, шамамен 1 миллион 900 мың адам індеттің құрбаны болды. Вирус ең көп тараған елдер қатарында Америка Құрама Штаттары алдыңғы орында. Мұнда 22 миллион адам ауру жұқтырған. Үндістанда 10 миллион 400 мыңнан астам адам індеттің ілмегіне іліккен. Бразилия мен Ресейде эпидемиологиялық жағдай әлі де аса күрделі.