Пандемияға бір жыл: Елімізде қандай өзгерістер болды

16.03.2021 21:00

Локдаун кезінде қала халқы мен билік көзсіз жаумен қалай күресті

Almaty.tv

Әлемдік пандемияға байланысты тура бір жыл бұрын елімізде ресми түрде Төтенше жағдай жарияланған болатын. Қалалар мен өңірлер карантинге жабылып, халық бұрын болмаған оқиғаны бастан кешірді. Мыңдаған жұмыс орны жабылып, жұрт қатаң түрде үйде оқшауланды. Локдаун кезінде қала халқы мен билік көзсіз жаумен қалай күресті? Елде нендей өзгерістер болды? Толығырақ Almaty.tv тілші бейнематериалында. 

Еліміз ең ауқымды әрі ұзақ төтенше жағдайды тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет былтыр дәл осы уақытта бастан кешкен еді. 13 наурыз күні елімізде Ковид-19 инфекциясын жұқтырған алғашқы пациенттер белгілі болған соң екі күннен кейін ел Президенті халыққа үндеу жариялады.

«Бұл індет күннен күнге ушығып барады. Өкінішке орай осы дерт біздің елімізде де тіркелді. Менің кешегі жарлығыммен бүгін таңғы сағат 8-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда 30 тәуліктен кейін елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталмады. Сондықтан төтенше жағдай мамырға дейін қайта созылды. Ал 19 наурыз Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылып, барыс-келіс, алыс -беріс тоқтады. Бұл әсіресе қалаға қатынап жұмыс істейін басқа өңірдің тұрғындары үшін күтпеген жағдай еді. Кейбіреулер қаладан шықса, енді біреулер Алматыға кіруге асығып жатты.

БЛИЦ:  

- Біз Ұзынағаштан келе жатырмыз, кішкене атаң ауырып соны қалаға жіберді. Сол бойынша қалаға көрінуге бара жатырмыз.

- Түнгі ауысымнан шықтым. Алматының ішінде қалыңдар деп жатыр. Үйге бару керек, бала-шаға, отбасы...


Осы кезде қала маңында 27 блок-бекетте мыңнан астам полиция қызметкері, 400-ден астам әскерилер, дәрігерлер жұмыс істеді. Сонда күні-түні қызмет еткен полицейлер қатарында Әділбек Тоқтабаянұлы да бар еді.

«Алғаш кезде әрине өте қиын болды. Адамдардың мінез-құлқы ашулы болды, түсінбеді. Карантинді бұзып, шекарадан өтпекші болды. Күннің суығына, жаңбырға қарамай төзіп, жұмыста ант бергеніміз үшін, өз антымызды, адал еңбегімізді атқардық. Үйге барғанда бала-шағамызға, әке-шешемізге жұғады деп қорықтық», – деді Бостандық ауданының аға учаскелік инспекторы Әділбек Қозыбеков.

Арнайы штаб құрылып, тұрғындарды азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамту жұмыстары жүргізілді. Халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біріге түсті. «Біз біргеміз», «Жаңа Алатау» сияқты қорлар құрылып, соның аясында азаматтарға қаржылай көмек берілді. Ел тарапы жұмыстан уақытша босаған жұртқа 42500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындады. Сондай-ақ еріктілердің еңбегі ерекше бағаланды. Олар мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қауіпті аймақтарда бастарын қатерге тікті.

«Жұмысымыз кешкі 8-ге дейін болса да, түнге дейін қалатын кезіміз де болды. Өйткені көмекке мұқтаж адамдар көп. Жұмыстың көлемі де көп болды», – деді қалалық еріктілер лигасының төрайымы Бағдат Анарбаева.

Қалада жаппай дезинфекция жұмыстары жүріп, спорттық, мәдени шаралар сап тыйылды. Діни орындар жұмысын тоқтатты. Оқушылар мен студенттер және кәсіпорындар онлайн форматқа ауыстырылды.

БЛИЦ:

- Мен ауылда болдым. Өзіме пайдасын тигізетін жұмыстармен айналыстым.

- Әрине бәріне қиын болды. Жұмыс тоқтап, үйде отырдық.

- Мен студент болғандықтан сабақты онлайн оқыдым.

Әйтсе де карантиннің пайдалы тұстары да болды. Алматының ауасы тазарып, жұрт толассыз машиналардан бір мезгіл тыныстап қалды. Адамдар қарбалас өмірден бір сәтке тыйылып, рухани және отбасылық құндылықтарды қайта саралаған еді. Қазір ол күндер артта қалғанымен қауіп сейілген жоқ. Мамандар былтырғы жағдай қайта орын алмас үшін тазалық талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Назкен Еркін, Дина Жанабекова, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы