Бүгінде осы мақсатта Алматы қаласында «Жаңа Алатау» қоғамдық қоры ашылды
Отандық кәсіпкерлер коронавируспен күресу үшін арнайы құрылған қорларға жаппай қомақты қаржы бөліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеуінде елге төнген зауалды еңсеру үшін қосымша ресурстар жұмылдырғаны дұрыс деп атап өткен еді. Нәтижесінде, республикалық қор құрылып, ол – ел-жұртқа жәрдем бергісі келетін адамдарға арналуы керек делінді. Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажеттілігі туды. Бүгінде осы мақсатта Алматы қаласында «Жаңа Алатау» қоғамдық қоры ашылды. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Тұңғыш Президент Қоры есебінен 200 миллион теңге бөлінді. Оның 100 миллионы Нұр-Сұлтан қаласына енді 100 млн теңгесі Алматы қаласына берілді. Бұл қаржы осы «Жаңа Алатау» қорына аударылған.
«Жүз миллион Алматыға, біздің «Жаңа Алатау» қорына келіп түсті. Біз қазір соны бөлейік деп жатырмыз. Жұмсалатын ақша осы карантинмен күресін адамдарға, қиындыққа ұшыраған адамдарға, көпбалалы аналарға, мүгедектер дегендей... Қазір қарасаңыздар, көп адамдар ақша аударып жатыр», – деді экономика ғылымдардың докторы Рахман АЛШАНОВ.
«Жаңа Алатау» қоғамдық қорына жалпы көлемі 111 млн теңгеден астам қаржы жиналған. Бұл сан біртіндеп өсе беретіні сөзсіз. Қорға қаржы аударуға отандық кәсіпкерлер, түрлі ұйымдар мен кез келген азаматтар құқылы. «Нұр Отан» партиясының қадағалауындағы қор аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, ардагерлер мен қаттарға, қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсетеді. Жиналған ақша халыққа керекті санитарлық құралдарды алуға жұмсалады. Яғни, медициналық бетперде, санитайзер мен антисептик сияқты тазалық заттарымен қамтылмақ.
«Мен өз басым 10 мың масканы сатып алып жатырмын. Санитайзерлар және де керекті нәрселерді қазір алып жатырмыз. Мұқтаж адамдарға таратамыз. Бүгін көптеген үйлерге қарт адамдарға, көпбалалы жанұяларға барып, оларға азық-түлік, маска, санитайзерлар және де басқа да гигиеналық тұрғыдағы керекті нәрселердің бәрін алыпбердік. Менің ойымша, осындай уақытта адамның адамгершілігі көрінеді», – деді кәсіпкер Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН.
Жалпы «Жаңа Алатау» Қоры құрылған кезден бастап 711 млн теңгеден астам демеушілік қаржы игерілген, олардың барлығы әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға жұмсалған. Бөлінген қаржылар мен олардың жұмсалуы міндетті түрде ашық болады. Қазіргі уақытта көмекке өте мұқтаж адамдардың тізімдері жасалып жатыр. Қорға ақша аудару үшін мына көрсетілген реквизиттерді қолдануға мүмкіндік бар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген кәсіпкерлер бір-бірін қоғамға көмектесуге шақыруда.
«Дәл осындай қиын сәтте біз бәріміз бірігуіміз керек. Бұл дегеніміз – шын мәнінде бір-бірімізге барымызды беріп, қол ұшын беру. Мен кәсіпкерлерді қолдарынан келсе жәрдем беруге шақырар едім. Қаржылай көмек болуы шарт емес. Қоғам, ұлт үшін әрқалай жәрдем беруге болады деп ойлаймын», – деді кәсіпкер Ларион ЛЯН.
Бұдан өзге еліміздің ірі бизнесмендері мен отандық меценаттар Елбасының бастамасын қолдап, арнайы «Birgemiz» атты қор құрды. Онда қалталы азаматтар коронавирусты тоқтатуға бағытталған шараларға миллиондап қаржы бөлуде. Аталмыш қорда қазір 41 миллион доллар жиналыпты.
Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев
«Алматы» телеарнасы