Қатаң ескертулерге қарамастан сауық құрып, санитарлық талаптарды ескермейтіндердің қатары азаймай тұр. Бекітілген ережеге сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары түнгі сағат 23:00-ден кейін жұмыс істемеуі тиіс. Індеттің жаппай таралуына жол бермеу үшін қаладағы тексеріс жұмыстары күшейтілген. Мамандардың орталық аудандардағы түнгі рейд жұмыстарына Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы қатысып қайтқан еді.
Тексеруші топ бас сұққан алғашқы мекеме келушілерге лық толы болды. Мұнда әлеуметтік арақашықтық, бетперде тағуды ескерген ешкім жоқ. Онымен қоймай, тыйым салынған қор-қор да шегілген.
Бұл – Медеу аудандық мониторингтік тобы әшкерелеген мейрамханалардың бірі. Көріп тұрғанымыздай, мұнда ешқандай санитарлық талаптар сақталмаған. Мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қонақтарды толығымен тарқатты.
Бұл – қала жастары сауық құратын танымал нысандардың бірі. Тексерушілерді көрген меймандар есікке қарай қаша бастады. Ал, біразы мұндай бақылауды бастан өткерсе керек, әп-сәтте бетперде тағып үлгеріпті. Мәселен, Медеу ауданының өзінде бір кеште 12 мониторингтік топ тәртіп бұзған 7 нысанды әшкереледі.
«Бүгінде мониторингтік топтар Медеу ауданы бойынша күшейтілді. 7 нысан бойынша материалдар полиция қызметкерлері мен әрі қарай санитарлық мамандарға жіберілді, олар 7 нысан бүгінгі таңда сол әкімшілік кодекске сәйкес айыппұл салынады», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.
Ал, Алмалы ауданындағы бұл караоке клубы бұған дейін де бірнеше рет әшкереленген. Соған қарамай нысан жайбарақат жұмысын жалғастырып жатқаны белгілі болды. Бірақ тексеріс тобын көрген мекеме қызметкерлері жасырынып, келушілерді де сыртынан құлыптап қойыпты. Алайда қулығы жүзеге асқан жоқ. Барлығы аудандық ішкі істер басқармасына жөнелтілді. Мекеме ісі енді сотқа жіберілетін болды.
«Егер сол объектілер мен құқықбұзушылықтар қайталанатын болса, ол кезде Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық кодексінің 462-бабы, 3-тармағы бойынша материалдар жиналып, сотқа жіберіледі», – деді Алмалы ауданы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Ильяр Мәсімов.
Айта кету керек, бүгінде карантин талаптарының қатаң сақталуына қатысты тексеріс жұмыстары күшейтілген. Бірнеше рет ескерту алған нысандар қатаң жазаланады. Мақсат – коронавирустың таралуына жол бермеу.
Жанар Ғаниқызы