Жансақтау бөлімінің өзінде 105 науқас ем қабылдаған
Коронавирус әсіресе жүкті әйелдер үшін қауіпті. Бір емес, екі бірдей адамның өміріне жауапты мамандар қазір №4 қалалық перзентханада ана мен бала өмірі үшін күресіп жатыр. Қазан айында қалыпты қызметке көшетін дәрігерлермен жүктілік жағдайындағы КОВИД-19 турасында Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас тілдесіп қайтқан еді.
Аталған перзентхана коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерге көмек көрсететін стационар ретінде наурыз айында ашылған еді. Содан бері 1200-ге жуық науқасқа ем көрсеткен. Ал жансақтау бөлімінде жанын аман алып қалғандардың саны – 105.
Мамандардың айтуынша, індеттің ілмегіне ілінген әйелдер мұнда әртүрлі ауырлық деңгейімен түседі. Сондықтан олардың әрқайсысына жеке шара қолданылады. «Ал кесір тілігі – қауіпті жағдайдың шешімі емес» дейді дәрігерлер.
«Кесір тілігі тек қана көрсеткіш бойынша жасалады. Коронавирус жалпы жүктілікті үзетіндей, мерзімінен ерте кесір тілігін жасайтындай көрсеткіш емес», - дейді №4 қалалық перзентхананың акушер-гинекологы Индира Кемалова.
Қазіргі таңда перзентханада 69 әйелге көмек көрсетіліп жатыр. Олардың төртеуі – жансақтау бөлімінде жатыр. «Вирус жұқтырғанымызды білгенде жақындарымызбен де, іштегі бала мен өмірімізбен де қоштасып үлгердік» дейді емделушілер.
«Коронавирус болғанымды білген кезде, әрине, қорықтым. Өйткені, ауыр аяқ әйелге ем қабылдай алмайсың. «Оянбай қалсам қайтемін» деген қатты қорқыныш болды. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай, бәрі жақсы. Мені де, баламды да аман алып қалды. Сол үшін рақмет айтқым келеді», - дейді науқас Гүлжазира Шарапова.
«Жедел жәрдем алып келді. Сөйтсем, өкпем 35 пайыз зақымданыпты. Тіпті, ойша бәрімен қоштасып та қойғанмын. Осы жерден шықпаймын-ау деп ойладым. Балам бар кішкентай. Сол баламды, жанұямды ойлап, өзімді әрең қолға алдым», – дейді тағы бір науқас Наргиза Сиябекова.
Наурыз айынан бері арнайы ковидтік стационар ретінде жұмыс істеген перзентхана қазан айынан бастап қалыпты жағдайға оралады. Яғни, ендігі әр перзентхананың өз оқшаулау аймағы болмақ.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы