Екпе алмас бұрын медицина қызметкерлері арнайы тексерістен өтеді
Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинаны медицина қызметкерлеріне егу науқаны жалғасып жатыр. Бүгін ақ халаттылар «Спутник V» екпесін Әуезов ауданындағы №10 қалалық емханасында салғызды. Пандемия жағдайында науқастарды емдеуде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер, екпе салдыруды да бірінші болып бастады. Вакцина салу процесі қалай жүреді? Екпе салғызғандардың қазіргі жай-күйі қалай? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.
1 ақпаннан бастап салынып жатқан ресейлік вакцинаны №10 қалалық емханадан 95 қызметкер алып үлгерді. Әуезов ауданына екпенің 210 дозасы бөлінген болса, соның 105 осы емханаға жеткізіліпті.
«Гамма ковид вакцинасы, бұл аралас векторлық вакцина салынып басталды. Бірінші күні 35 адамға салдық. Бүгінгі күнде 95 адамды өзіміздің қалалық емхананың фильтрда отыратын дәрігерлерге, мобильді бригадаға, жедел жәрдем көрсететін қызметкерлеріміздің бәрі вакцинамен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда бәрінің жағдайлары жақсы. Денсаулықтары қалыпты», – деді №10 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Ләйлә Сүлейменова.
Екпе алмас бұрын медицина қызметкерлері арнайы тексерістен өтеді. Олардың дене қызуы, қан қысымы, бәрі-бәрі мұқият тексеріледі. Содан кейін вакцина салдыратын адам өз келісімін қағаз жүзінде береді».
«Қазір салып шықтым, әсерін әлі байқаған жоқпын. 30 минут көлемінде күтіп, дәрігердің бақылауында боламыз»,– деді №15 қалалық емхананың инфекциялық бақылау медбикесі Загира Ахметжанова.
Бүгін №10 емханадан осы ауданға қарасты басқа да емханалардың қызметкерлері екпе салғызды. Олар дүйім жұрттың дегбірін қашырған дерттің емі табылып жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
«Әлемдік індеттің осындай емі табылғанына, вакцинаны қолданғанымызға қуаныштымыз. Қуана-қуана салдырып жатырмыз. Келесі ұрпақ осы жастардың қолында болғандықтан, біз бірінші болып жастар, медициналық қызметкерлерінің бірінші салдырғаны дұрыс»,– деді №15 қалалық емхана қызметкері Батыр Шегеев.
Вакцинаны егер алдында мұздатқыштан шығарып, 3-5 минут бөлме температурасында еріту қажет. Мұз қалдықтарының болмауын қатаң ескерген жөн - дейді дәрігерлер. Вакцинаның 1 дозасы 5 адамға салынады.
Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы.