Алматының Бостандық ауданында да сауық құратындар саны көп. 4 мониторинг топ соңғы 1 айда 380-нен аса көңіл көтеретін мекемелерді тексерген. Нәтижесінде 57 заңбұзушылық анықталып, құны 2,5 миллион теңге болатын 7 айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атап айтқанда, алтауы бетперде тақпағаны үшін, біреуі қаладағы ірі сауда-саттық кешеніне салыныпты. Өйткені орталық шектеуге қарамастан жұмыс істегені анықталды. Бүгін бұл туралы онлайн-брифингте аудан әкімінің орынбасары Жанар Сәдуақасова айтты.
«Қаламыздың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша шектеулер бар. Дегенмен шағын және орта бизнес өкілдері оны сақтамай келеді. Әсіресе, сенбі-жексенбі ережеге бағынбайтындар қатары көп. Сондықтан өткен демалыс күндері мониторингті күшейттік. Төрт ауданның өкілдері бірігіп, 60-қа жуық нысанды тексердік. Сегізінен олқылықтарды анықталды. Басым көпшілігі келушілер санын шектемей жұмыс істеген», – деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жанар Сәдуақасова.