Коронавирус індетіне қатысты әлемдегі ахуал. Украинада алдағы демалыс күндері карантин жарияланып, 30 қарашаға дейін жалғаспақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеше ел үкіметінің отырысында осындай шешім қабыланды. Елдің денсаулық сақтау министрі демалыс күндерінің карантині үш апта қатарынан болуы керектігін мәлім етті. Демалыс күндері бар, мейрамхана, дәмханалардың қызметі тоқтатылады. Сауда-ойын-сауық орталық, басқа да көңіл көтеру орындары істемейді. Үкімет спорт залдары, фитнес орталықтар мен бассейн жұмысына тыйым салды. Ал, азық-түлік дүкендері, қаржы қызметін көрсететін мекемелер, пошта операторы, медицина және ветеринария, жанармай стансасы, автосервистер жұмысын тоқтатпайды.
Венгрияда коронавирус індетімен күрес жүргізу мақсатында енгізілген төтенше жағдай режимі 90 күнге ұзартылды. Ел конституциясы бойынша, үкімет төтенше жағдай режимін 15 күнге жариялай алады, ал оның мерзімін ұзарту үшін парламентарийлердің үштен екі бөлігінің рұқсатын алу керек. Заң жобасы жеделдетілген тәртіппен 180 дауыс арқылы қабылданған. Бұған дейін Венгрияда COVID-19-бен күресу мақсатында барлық білім мекемесі, қоғамдық тамақтану орны, театр мен музейді жабу туралы шешім шығарылған.
Жалпы пандемия басталғалы дүниежүзі бойынша 52 миллионнан астам адам инфекция жұқтырған. Оның ішінде 1 миллион 200 мыңнан астам жағдай өліммен аяқталды. Бұл Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі. Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Америка Құрама Штаттары бірінші орында. Осы уақытқа дейін елде 10 миллионнан астам жағдай тіркелген. Одан кейін Үндістан мен Бразилия тұр. Франция мен Ресейде де эпидемиологиялық жағдай күрделі.