COVID-19 індетінен көз жұмған 186 медицина қызметкерінің тек тоғызының отбасына ғана өтемақы төленген

COVID-19 індетінен көз жұмған 186 медицина қызметкерінің тек тоғызының отбасына ғана өтемақы төленген
Мұндай статистика «Nur Otan» Партиялық бақылау комитетінің отырысында жария етілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған 186 медицина қызметкерінің тек 9-ының отбасына ғана өтемақы төленген. Мұндай статистика «Nur Otan» Партиялық бақылау комитетінің отырысында жария етілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Комитет төрағасы Павел Казанцев әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бүгінге дейін инфекция жұқтырған 1093 дәрігер ғана 2 млн. теңгеден өтемақы алғанына тоқталды. Ал індет жаппай жайлаған кезде 11 300-ге жуық медицина қызметкері дертке шалдыққан.

«Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйреткенін атап өтті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білу, оның маңыздылығын күшейту үшін материалдық тұрғыдан қолдау керек. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Денсаулық сақтау министрінің бірлескен бұйрығы 9 сәуірде қабылданып қойғанына қарамастан, өтемақы төлеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың алғашқы отырысы тек тамыз айында өтті. Медицина қызметкерлерінің індет жұқтыруының алғашқы жағдайлары наурыз айында орын алған болса, бұл мәселені осынша созбалаңға салудың себебі неде?! Аймақтық партиялық бақылау комиссиялары бюрократия мен сөзбұйдаға салу фактілерін қарап, кінәлі партия мүшелерін ең қатаң жауапкершілік шараларына тартуы керек», – деді «Nur Otan» партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев.

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың айтуынша, қазіргі уақытта инфекция жұқтырған дәрігерлерді 3 топқа бөлген. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 3 ай мерзімге қаражат қарастырылыпты. Үстемақы нақты жұмыс істеген кезең үшін ай сайын есептеледі. Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов үстемақы төлемеудің негізгі себептері – індетті қайдан жұқтырғанын айтпау немесе жұмыс барысында жұқтырмаған жағдайларды және деректерді қате көрсету деп атады.

Новости партнеров