Бүгін республикалық қоғамдық бақылау Алматыдағы Көк базарға барды. Еріктілер карантин режимі жеңілдетілгеннен бері халық көп келетін орында санитариялық талаптардың сақталуын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қуантарлығы, базар ішінде әр жалға алушы жұмысқа дайындықпен кіріседі. Саудагерлердің әрқайсысында қолға арналған антисептик, медициналық бетперденің қоры бар. Ал егер олқылықтар анықталса, базар әкімшілігі жұмысты уақытша тоқтатуды талап ететін көрінеді. Жалпы карантин кезінде қоғамдық бақылау 20-дан астам заңбұзушылықты анықтып, тиісті органдарға жіберген.
«Карантин режимі жеңілдетілді деген қауіптің сейілгенін меңземейді. Сондықтан базарларға ашылуға рұқсат берілді деп денсаулыққа бейжай қарауға болмайды. Біз саудагерлердің босаңсып кетпеуін тексеріп жүрміз. Алдағы күні Барахолка секілді ірі базарларды аралайтын боламыз. Қазір бізде 4 мотиторинг тобы бар. Бәріміз бөлініп, талаптардың сақталуын қадағалаймыз», – деді республикалық қоғамдық бақылаудың үйлестірушісі Саида Тәукелова.