Коронавирус індетімен екінші рет аурудың салдары қандай болмақ? Коронавирустан қалай сақтанған жөн? Бұл сауалдарға Нұр-Сұлтан қалалық көпбейінді №1 ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Марат Әбдуов жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Коронавирус індетіне қайта шалдығу аурудың өту барысын күрделендіріп жібереді. Қант диабеті және өзге де созылмалы жанама аурулармен түсетін науқастарда коронавирус өте ауыр жүреді. Дегенмен, біз үлкен тәжірибе жинап алдық. Іс жүзінде барлық науқасты емдеп шығаруға болады», – деді ол.
Сонымен қатар ол коронавирус індетімен қайтадан стационар көмегіне жүгінген науқастар жайында айтып берді.
«Коронавирустық өкпе қабынуынан жазылып шыққаннан кейін бір немесе екі аптадан кейін олар қайтадан асқынулармен түсіп жатады. Бірақ, олардың белгілері басқа болады. Бұл ретте науқастың жасы мен жанама ауруларын ескерген жөн. Бүкіл халық үшін бұл жағдай оңайға соқпағанын түсінеміз. Ұзаққа созылған карантин кезеңі көпшілікке ұнамайды, адамдар наразылық та танытып жатады. Дегенмен, біз өзімізге ғана емес төңірегіміздегі адамдарға да қамқорлық таныта білуіміз қажет. Карантиннің кезең-кезеңімен алынып тасталуы барлық шектеу шараларының жойылғандығын білдірмейді. Бұқаралық шараларға, отбасылық той-томалаққа бармаған жөн. Маска режимін сақтау қажет»,– деді Марат Әбдуов.