Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли ауруханадан шықты

Фото : Facebook/ Berik Uali
Фото : Facebook/ Berik Uali
Оған коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли коронавирустан емделіп, ауруханадан шықты, деп хабарлайды zakon.kz.

«Ауруханадан бүгін шықтым. Дәрігер қорытындысында менің жағдайым жақсарып келе жатқаны айтылады. Маған коронавирус инфекциясы диагнозы қойылды. Денсаулығым ауыр деп бағаланды. Екі жақты пневмонияны тіркеді, бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатым», – деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, енді ол үйде қатаң карантин режимінде болады. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы әлі де дәрігерлердің бақылауында болады, отбасы мүшелерімен тікелей байланысқа тыйым салынған.

«Жалпы, осыдан кейін дәрігер мені әрі қарай хаттама мен келісілген тәртіпке сай қарап, тексеретін болады», – деді Берік Уәли.

Ауруханадан босап шыққан Берік Уәли алдындағыдай қашықтан жұмысын жалғастыра бермек.

«Мен ауруханада жатып жұмыс істедім, сол секілді қашықтықтан жұмысымды жалғастыра беремін», –  деді ол.

Сөз соңында Берік Уәли дәрігерлерге, мейірбикелер, сондай-ақ барлық медициналық қызметкерлерге өз алғысын білдірді.

«Кеше бізде медицина қызметкерлері күні болды. Олардың бәрін де қаһарман жандар дегім келеді. Олардың кейбіреулері бірнеше айдан бері отбасын көрмеген. Олар шынымен де мықты адамдар», – деп сөзін қорытындылады Берік Уәли.  



Новости партнеров