Алматы дәріханаларында медициналық маска жеткілікті, тапшылық болмайды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Маусым айының аяғында Алматыда кейбір дәрі-дәрмек пен медициналық маскаға сұраныс өте жоғары болды. Қажетті дәрілерді қалаға жеткізу мәселесін шешу үшін келісімшарт жасалды. Қазір біраз дәрі қалаға жеткізіліп, нарық тұрақтандырылды. Алдағы келе жатқан күзгі-қысқы маусымдық ауруды ескере отырып қала әкімдігі тұрақтандыру қорын құрды», – деді ол.
Оның айтуынша,тұрақтандыру қоры есебінен дәріханаларға жеткізілетін дәрі –дәрмек жарты жылда 40 млн қорапты құрайды.
«Бүгінгі таңда 26,8 млн қорабы Алматы қаласына жеткізілді. Тұрақтандыру қорының 40 пайызы қоймаларда болуы керек. 40 пайыз дегеніміз 8 млн қорапты құрайды. Сонымен қатар, 19,5 млн жеке қорғаныс құралдары сатып алынады. Оның ішінде бір рет немесе көп пайдаланатын костюмдер, қолғап, үш қабатты маска, респиратор, бахил және бас киімдер бар. Наурызда Алматы қаласына күнделікті медициналық масканы жеткізіп тұру үшін маска шығаратын «Dolce-Pharm» ЖШС-мен келісім жасалған. Сонымен қатар, маска қорын көбейту үшін «СҚ фармация» компаниясымен мәселе пысықталып жатыр. Сондықтан, қалада медициналық маска мен бұйымдар тапшылығы болмайды. Бәрі жеткілікті», – дейді Заңғар Сәлімбаев.