ШҚО-да тағы 4 оқушыдан коронавирус анықталды

14.10.2020 21:26

Науқастардың 37-сі кезекші сыныптарда білім алады, қалған 25 бала қашықтан оқиды

basnews.kz

Шығыс Қазақстан облысында жұқпалы дертке шалдыққан оқушылар саны 62-ге жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, науқастардың 37-сі кезекші сыныптарда білім алады, қалған 25 бала қашықтан оқиды. 

«Нақты айтсақ, Риддер қаласында - 12, Алтай ауданында - 11, Глубокое ауданында - 11 , Өскеменде - 10, Семейде - 7 , Көкпекті ауданында - 5, Шемонаиха ауданында - 2, Курчатов қаласында - 2 және Күршім мен Катонқарағай аудандарында бір-бір оқушыдан коронавирус жұқтырды», – деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, жалпы аймақ бойынша 647 мектепте 191 757 оқушы бар. Қазіргі уақытта 376 білім ордасындағы (58%) 33 078 оқушы мектеп қабырғасында білім алуда. Ал 271 мектеп қашықтан оқыту форматына көшіп, 107 543 оқушы үйден оқуда.