Нұр-Сұлтанда ахуал орталығы ашылды

25.06.2020 21:28

Қалада эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бірқатар шешім қабылданды

Елордада ахуал орталығы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қалада эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бірқатар шешім қабылданды. Біріншіден, жедел медициналық көмек базасында байланыс орталығы құрылды. Онда дереу талдау жасалып, кеңес беріледі. Бұл күніне шамамен 500 өтінім. Сондай-ақ қалалық аумақтық емханаларда жауапты тұлғалармен байланыс орталығы құрылды. Олар туралы ақпарат интернет-ресурстарда қолжетімді. Қаламыздағы iKOMEK ақпарат орталығында медициналық ұйымдардың әр басшысына арналған мобильді қосымша бар. Өтінімдер бірден олардың мобильді қосымшасына түседі», – деп түсіндірді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Сәуле Қисықова. ⠀

Сәуле Қисықова елордада ахуал орталығы құрылып, онда қаланың төсек-орын қоры КВИ және науқастар ағымымен реттелетінін атап өтті.

«Жоспарлы амбулаториялық-емханаға баруды уақытша тоқтату есебінен бұл кадрлық ресурстар қосымша жедел медициналық жәрдем бригадаларын құруға бағытталды. Жақында 32 бригада құрылды. Бүгінде қалада 150 бригада жұмыс жасауда», – деді ол.