Қазір Алматыда эпидемиологиялық жағдай жақсарған
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы – қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров соңғы ақпараттарды бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Негізгі репродуктивті сан – бұл ауру адамның қанша адамға ауру жұқтырғанын көрсететін көрсеткіш. Індеттің өршіп тұрған кезінде бұл көрсеткіш 4,7%-дан асқан, яғни бір адам төрт адамға дейін жұқтыруы мүмкін деген сөз. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 0,9% төмендеді. Яғни, бұл көрсеткіштің кемігені-аурудың таралу деңгейі азайғанын және эпидемияның қауіпі төмендегенін білдіреді», – деп хабарлады Ж. Бекшин.
Ол сонымен қатар, қаланың эпидемиологтары тарапынан аурудың себеп-салдарлық байланысына зерттеу жүргізіп жатқандығын айтты. Зерттеу нәтижесі бойынша, 49,7% жағдайда адамдар науқаспен жұмыста, 19,5% жағдайда науқаспен үйдегі ошақ бойынша байланыста болған. Тек 0,1% жағдайда ғана науқаспен байланыс стацонарда болғандығы анықталды.
Бүгінгі таңда қалада медицина бақылауында тұрған, үй карантинін сақтауы тиіс 1389 белсенді ошақтар бар. Ол жерлерде медициналық бақылау жүргізу, сонымен бірге үй карантині жалғасуда. Эпидемиологтар аурумен байланыста болған адамдардың санын анықтады. Ол адамдар қазір қатаң бақылауда.
«Біз үйде карантинде отырған адамдарды бақылайтын шаралар енгіздік. Карантин режимін сақтауы тиіс аламдар саны 1300-ге жетті. Бақылау қоңырау шалу арқылы жүзеге асырылады. Мониторингтік топтар үйге де барады және заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, яғни егер олар үй карантинінде болмаса, әкімшілік шаралар қолданылатын болады», – деді Ж. Бекшин.
Ол егер үйде карантин режимін бұзған адамның басқа адамдарға ауру жұқтырғаны анықталса, онда соңғы байланыста болған адамға қылмыстық жаза қарастырылғанын атап өтті.
«Карантиндік стационарға оқшаулау режимін бұзушылар ғана емес, сонымен қатар үйде карантинде отырғандар да өз еркімен жүгіне алады. Егер үйде оқшауланудың ешқандай мүмкіндігі болмаса немесе үйде әлсіз топтағы адамдар болса, онда өз еркімен оқшаулау ауруханасына орналасуға өтініш бере алады», – деп толықтырды спикер.
Аталған алдын алу шарасы үйдегі карантин режимін бұзуды тоқтату үшін жасалып отырғанын атап өтті.
Ж. Бекшиннің айтуынша, бұған қала тұрғындарының өтініштері себеп болған. Өйткені үйде карантинде отыруға тиіс жандар үйде отырмаған. Жақында екі жүзге жуық үй тексеріліп, онда 23 науқастың жоқ екендігі анықталды.
«Бұл шаралар аурудың таралу тізбегіне әсер етеді деп сенеміз. Соңғы айда ауру деңгейінің тәуліктік өсімі 4,2% -дан 1,4% -ға дейін төмендеді», – деп атап өтті Ж. Бекшин.
Ағымдағы жылдың 7 тамызындағы соңғы ақпарат бойынша Алматы қаласында коронавирус жұқтырудың 12 997 жағдайы тіркелді, оның ішінде 7 897-ында симптом расталса, 5110-ы симптомсыз жағдай.