Израильде 1 маусымнан бастап барлық карантин шектеулері жойылады. Оған елдегі коронавирус ахуалы едәуір жақсарғаны себеп болып отыр. Онда соңғы тәулікте тек 11 адам індет жұқтырған. Сондай-ақ, бірқатар Еуропа мемлекет те бетпердемен қош айтысып жатыр. Мәселен, Польшада көшеге бетпердесіз шығуға рұқсат етілсе, Францияда жазғы алаңдар да ашылды. Ал, Ұлыбританияда мұражайлар, театрлар мен киноиндустрия қайта келушілерді қабылдауда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Венгрия вакцинаның арқасында қалыпты өмірге қайта оралды. Осы уақытқа дейін елдегі 10 миллионға жуық халықтың жартысы екпе алған. Олар вакцина алғанын растайтын электронды COVID төлқұжатымен қоғамдық орындар мен мәдени шараларға бара алады. Елде екпенің 6 түрі: Pfizer, Moderna, AstraZeneca, Johnson & Johnson және қытайлық Sinopharm және ресейлік Спутник-V қолжетімді. Сондай-ақ, індет жұқтырушылар санының азаюына байланысты қазір венгерліктерге сыртқа бетпердесіз шығуға рұқсат етілген.
«Бұл енді бетпердемізбен қоштаса аламыз деген сөз. Менің қымбатты маскам, қош бол!» – деді Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан.
Ал, Израиль алғашқылардың бірі болып, яғни желтоқсан айынан бастап халықты жаппай вакциналауға кіріскен еді. Осы уақытқа ел жұртының 55 пайызы екпе алған. Енді маусымнан бастап барлық карантиндік шектеулер алынады. Қазірдің өзінде еврейлер ел аумағында еркін тыныстап жүр.
БЛИЦ 1
- Бұдан былай бет-аузымызды жаппаймыз. Екі аптадан кейін тұрмысқа шыққалы жатырмын. Мен үшін айтулы оқиғаны туыстарыммен тойлайтыныма қуаныштымын.
- Мен енді бетперде тақпаймын. Әлі күнге дейін вакцина алмаған адамдар бар, сол азаматтар бетперде киюі керек деп санаймын.
Францияда бірнеше күн бойы мұражайлар мен кинофильмдер ашылды. Президент Эммануэль Макрон пандемия кезінде діни биліктің қаржылық қолдауы 11 миллиард еуродан асқанын айтты. Сондай-ақ, ол республиканың барлық 18 жастағы азаматтары үшін 300 евроға «мәдени жазылым» енгізілгенін хабарлады.
«Біз үшін ата-анамызбен, достарымызбен кездесуден бас тарту оңай болған жоқ. Қиын кезеңді өткердік. Әсіресе, өз көрерменінен айырылған мәдениет қызметкерлеріне, өнерді ауадай қажет ететін жұртымызға да», – деді Франция президенті Эммануэль Макрон.
Еуропалық Одақ Кеңесі мен Еуропалық Парламент өз аумағында вакциналау сертификаттарын енгізу керек деген шешімге келді. «Жасыл төлқұжат» деп аталатын бұл сертификатта азаматқа байланысты барлық коронавирустық мәліметтер көрсетіледі. Құжат 1 шіледеден бастап өз күшіне енеді. Яғни, вакцинаның 2 компонентін алған, ауруы жоқ азаматтар Еуропалық Одаққа мүше елдерге кіре алады.
«Еуропалық Одақтың COVID сандық сертификаты тегін. Ол вакциналауды, тестілеуді және адамның індетпен ауыру тарихын қамтиды. Парламент сертификаттың азаматтардың негізгі құқықтарын, соның ішінде жеке деректерді қорғауды қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ол қағаз түрінде және сандық форматта қолжетімді болады», – деді Еуропалық әділет және заң үстемдігі комиссары Дидье Рейндерс.
Айта кетейік, әлемде вакцинаның кем дегенде бір дозасын алған халықтың үлесі бойынша Израиль, Ұлыбритания және АҚШ көш бастап тұр.
Сымбат Ноғай, «Алматы» телеарнасы