Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 115 мобильді бригада құрылды – БҚО

18.08.2020 21:41

Күзде әдетте жұқпалы аурулардың өршитініне байланысты коронавирус пен пневмониямен ауыратын науқастардың көбеюі болжануда

inform.kz

Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін емханалар мен отбасылық амбулаториялар жанынан 115 мобильді бригада құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлованың брифингте мәлім еткеніндей, карантин кезінде облыс бойынша COVID жұқтырудың тәуліктік өсімі 1,5 пайызға дейін төмендеді.

Жедел жәрдем шақыру 25 пайызға қысқарса, жансақтау төсектерінде жатқандар 100-ден 42 пайызға дейін төмендеп, провизорлық және инфекциялық стационарлардың жүктемесі 73 пайызға дейін азайды.

Дегенмен күзде әдетте жұқпалы аурулардың өршитініне байланысты коронавирус пен пневмониямен ауыратын науқастардың көбеюі болжануда.

Осыған орай медициналық сақтандыру қоры мобильдік бригадалардың жұмысын қаржыландыруға жыл соңына дейін 7,7 млрд теңге (үйге 1,4 млн шығу есебінен) жұмсауды көздеп отыр.

Оған қоса қор індеттен емделіп шыққандардың инфекциядан кейін оңалту қызметтерін қаржыландыру туралы шешім қабылдады.

Н. Жұмағұлованың сөзіне қарағанда, қор індетті емдеу және алдын алу шараларын қаржымен барынша қамтамасыз етіп келеді.

Айталық, бастапқы кезеңде коронавируспен күрес шараларына 674,9 млн теңге (республика бойынша 56,7 млрд теңге) бөлінді. Медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге 227,9 млн, емдеуге 386,9 млн, ПЦР-диагностикаға 60,2 млн теңге жұмсалды.