Әлеуметтанушылар зерттеуі: Коронавирус індеті қоғамға қандай өзгеріс әкелді

01.01.2021 01:15

Әлеуметтанушылар 2 мыңға жуық адам арасында жүргізген сауалнамада басым бөлігі бірінші орынға денсаулықты қойған

ашық дереккөзден

Әлемдік пандемия ұлтқа тән кейбір, тіпті, кейбір емес біраз құндылықтарды қайта қарауға ықпалын тигізді. Әлеуметтанушылар 2 мыңға жуық адам арасында жүргізген сауалнамада басым бөлігі бірінші орынға денсаулықты қойған. Сонымен қатар, мамандар карантин адам санасы мен мінез құлқына да әсер етті дейді. Коронавирус індеті тыныс-тіршілікке, қоғамға нендей өзгеріс әкелді? Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.

Әлемді жайлаған пандемия кімді де болса сыннан өткізді. Мұны әлеуметтанушылар мен психологтар да растайды. Әсіресе, елдің басым бөлігі оқшауланып, тынымсыз қозғалыстан тыйылды. Әлем экономикалық дағдарыстарды бастан кешірді. Бұл адамдардың эмоционалдық жай-күйіне кері әсерін тигізген.

«Кейбір табысы жоқ отбасылардың ажырасуына алып келді. Сонымен қатар, тағы да тұрақты табыстың көзін таба алмай жүрген отбасылардың ертеңгі күнге сенімсіздігін арттырды», – деді психолог Бақыт Дастан.

Әйтсе де маман бұл жыл темпераменті тұйық адамдардың өзін-өзі көрсетуіне көп мүмкіндік жасағанын айтады. Бұрын тұралап қалған кейбір бизнестердің өрге басуына ықпал жасады. Сондай-ақ, карантин қоғамға физикалық тұрғыдан ғана емес адамның сана сезімі мен жан дүниесіне оң әсер етті дейді.

«Ақша болғанымен де адамның рухани байлығы жоғары екенін нақты түсіндік. Адамдардың мінезі өзгерді. Мінезі жағымды жаққа қарай өзгерді десек болады, яғни бір-біріне негатив, конфликт азайды. Өмірді құрметтей бастады», – деді психолог Бақыт Дастан.

Отбасылық құндылықтар қайта қаралып, ата-ана, ағайын-туыстың орны мен қадірі білінді. Материалдық дүниені күйттеген жұрт ең басты құндылық адамның өзі мен өзінің денсаулығы, одан кейін жақыны екенін ұқты.

БЛИЦ:

– Карантинде үйде отырып жұмыс істеп үйрендік. Отбасымыздың жанында болдық.

– Жанұямен бірге уақыт өткізуді үйрендік, солай айтуға болады. Ал алдында ылғи жұмыста болатынмын.

– Адамдар салауатты өмір салтын сақтай бастады және де жеке бас гигиенасын сақтай бастады.

Еліміздің экономикалық институтындағы әлеуметтанушы мамандар 2 мыңға жуық адамға сауалнама жүргізген. Зерттеушілер адамдар арасындағы қарым-қатынас қайта бағаланғанын байқаған.

«Осыған дейін жүргізілетін әлеуметтік сауалнамаларда құндылықтың топ үштігіне отбасы, бала, денсаулық кіретін. Ал осы пандемия кезіндегі сауалнама нәтижесіне қарайтын болсақ, денсаулық тұрақты түрде бірінші орынға шықты. Денсаулық, бала, отбасы», – деді әлеуметтанушы Айсұлу Тұрсынбайқызы.

Сондай-ақ, карантин кезінде цифрлы қоғам құрудың қажеттілігі сезілді дейді әлеуметтанушылар. Сандық сауаттылық бүгінгі күндегі өмір сүру сапасының индикаторына айналды дейді. Ал, бауыры ауырып, бауырына баса алмаған жайттар індетке күле қарауға болмайтынын анық аңғартты. Егер жақыныңа, шынымен, жанашыр болғыңыз келсе, саулықтың сақтықта екенін ұмытпаған жөн.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы