Ел азаматтарының көкейдегі сұрақтарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді
Қазақстан халқы қандай екпені салдырады? Екпеден бас тартуға бола ма немесе оны қайдан алуға болады? Сондай-ақ, тұрғындардың екпені алу реті қалай жүзеге асады? Ел азаматтарының көкейдегі сұрақтарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
– Қазақстанда вакцинация міндетті әрі мәжбүрлі ме?
– Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.
– Қазақстан Республикасында қандай вакцина қолданылады?
– 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап ҚР-да Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакцинациялау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылатын болады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакцинациялау процесіне отандық өндіріс - QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр, бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.
– Коронавирусқа қарсы вакцинаны кім ала алады?
– Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияны жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары коронавиустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға жатады, одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қамтылады.
Бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет қызметкерлері вакцинациялаумен қамтылады. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.
Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.
– Вакцинация ақылы бола ма? Бір вакцинацияның құны қанша?
– Халықтың осал топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады.
– Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның жанама әсерлері бар ма?
– Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу және сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты, қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның организмі кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене қызуының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.
– Адамда коронавирустық вакцинаға аллергиялық реакцияның болуы мүмкін бе?
– Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әртүрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.
– Ресейде вакцина алған адамдарға күнделікті телефон арқылы хабарласып, зерттеп қарау жүргізіледі. Бізде де осындай техникалық сәттер қарастырылған ба?
– Вакцина алған барлық адамдар алғашқы 30 минут бойы медициналық мекеменің қабырғасында, дәрігердің бақылауында болады. Ордан әрі 3 күн бойы, тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.
– Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?
«Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек ҚР 60 жасқа дейін кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. Қазақстанда өндірілген вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде. Бүгінгі күні отандық вакцина жөніндегі бекітілген нұсқаулық жоқ, сондықтан осы вакцина бойынша контингент анықталуда.
– Қарағанды зауытында шығарылатын вакцина қайда қолданылады?
– Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы тек Қазақстан Республикасында қолдану үшін пайдаланылатын болады.
– Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу керек?
– Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
– Ресейлік «Спутник V» вакцинасының сапасы жеткілікті деңгейде тексеруден өтті ме?
– Аталған вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларуссия, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндірушінің қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы бар құжатының электрондық көшірмесі болуы қажет (талдау сертификаттары немесе сынақ есебі немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты). Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.
– Ресейден басқа тағы қандай вакцина өндірушілері елдермен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде?
– Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Sinovac», «Sinopharm» (Қытай), «Phizer» (АҚШ) қоса алғанда, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина өндіруші бірқатар мемлекеттермен келіссөздер жүргізуде.
– Біздің елімізде қандай вакциналар әзірленуде?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналар арасында Қазақстан өндірісінің 5 үміткер вакцинасы бар. Біріншісі – клиникалық зерттеулер кезеңінде тұрған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі - БҚП ҒЗИ) әзірлеген инактивті вакцина. Қалған төртеуі:
1) Қазақ ұлттық аграрлық университеті Огайо штатының университетімен бірлесіп (АҚШ);
2) Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
3) М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы;
4) БҚП ҒЗИ әзірлеп жатқан және клиникаға дейінгі зерттеулер сатысындағы суббірлік вакцина.
– Вакцинацияцияның электрондық паспорты дегеніміз не?
– Вакцинацияның электрондық паспорты дегеніміз – бұл вакцинаның медициналық тарихы. Бұл вакцина қабылдайтын халықты бақылау және мониторинг жүргізу және үздіксіз жүргізу үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль (функционалдық). Қазіргі уақытта Вакцинацияның электрондық паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеттілігі медицина қызметкерлері үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттер үшін - eGov Mobile мобильдік қосымшасын пайдалану арқылы іске асырылатын болады.
Вакцинацияның электрондық паспорты вакцинация ем-шарасынан өткеннен кейін тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Вакцинацияның электрондық паспорты азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, вакцинация ем-шарасының кезеңділігі, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат қамтылады.
– Интернетте халықты вакцинация арқылы жаппай чиптеу туралы айтылып жүр. Бұл қаншалықты ақылға қонымды?
– Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамды чиптеумен байланысты емес. Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.
– Неліктен коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина тез әзірленді?
– Пандемия кезеңінде осы вакцинаға аса қажеттілік туындады. COVID-19 вакцинасын әзірлеу бүкіл әлемде коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыру және адамдың жаппай өлімі орын алғандықтан, аса шұғыл жағдайда өтті. Бұдан басқа, фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық деңдейде болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурстар жұмсады. Бірақ оның жылдам әзірленуі компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларын айналып өтті деген сөз емес.
Н.Ф. Гамалея атындағы ЭжМҒЗО-ның «Спутник V» вакцинасына келетін болсақ, ол алдыңғы әзірлемелерге сүйене отырып жасалды. Орталық пандемияға дейін SARS-CoV-2 коронавирусы да жатқызылған РНҚ бар қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан болатын.
– Бүгінгі таңда әлемде көшбасшылар мен танымал тұлғалардың қайсысы коронавирусқа қарсы екпе алды?
– АҚШ-та вакцинаны жаңадан сайланған президент Джо Байден алды – ол 78 жаста және тәуекел тобына жатады. Байденге Pfizer және BioNTech вакцинасы егілді.
Гвинея Президенті Альфа Конде «Спутник V» вакцинасымен егілген елдің алғашқы көшбасшысы. Сондай-ақ, елімізде жоғары лауазымды 19 тұлға, оның ішінде Қорғаныс министрі егілді.
Аргентина президенті Альберто Фернандес Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасымен коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жасады. Президентке дейін Буэнос-Айрестің Денсаулық сақтау министрі Даниэль Голлан вакцинацияланды.
Венесуэла президентінің ұлы Николас Мадуро Герра Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасымен коронавирусқа қарсы егілді.
Түркия президенті Режеп Ердоған СoronaVac қытай препаратымен коронавирустық инфекцияға қарсы егілді. Алғашқы егуді Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Фахреттин кожа жасатты.
Ватиканда 84 жастағы Рим Папасы Франциск пен 93 жастағы Рим Папасы Бенедикт XVI Pfizer вакцинасымен егілді.
Актер және Калифорнияның бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер Pfizer және BioNTech вакцинасымен коронавирусқа қарсы егілді. Американдық деректі кинорежиссер Оливер Стоун Ресейде өндірілген «Спутник V» коронавирустық инфекциясына қарсы вакцина жасатты.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алды. Сондай-ақ, еріктілердің қатарында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев вакцина алды.