Елордада 6 оқушыдан коронавирус анықталды

29.09.2020 21:44

31 мектеп карантин талабын бұзған

Almaty.tv

Елордада 31 мектеп карантин талабын бұзған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, шаһардағы білім ошақтарында карантин талабын сақтау бойынша мониторинг жүргізілген. Нәтижеде 6 оқушыдан коронавирус анықталды.

«Қаладағы барлығы 91 мектеп бар. Оның ішінде 78 мемлекеттік, 12 жекеменшік, 1 мамандандырылған мектеп бар. Барлық мектепте мониторинг жүргізілді. Тексеріс барысында 31 мектепте карантин талабы сақталмағаны анықталды. Директор, мектеп ұжымы мен ата-аналар масқа тақпағаны үшін қаладағы бір мектептің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді  қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева.

Бұдан бөлек, мониторинг кезінде бірқатар кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұлғалардың арақашықтық сақтау, бетперде тағу, бұқаралық іс-шараларды өткізбеу сияқты талаптарды өрескел бұзғаны анықталды. Жалпы, карантин енгізілген уақыттан бастап 550 адамға 122 миллионнан астам теңге көлемінде айыппұл салынды. Олардың 246-сы жеке тұлғалар, 314-і бизнес нысандары. Ал карантин талаптарын ең жиі тамақтану орындары бұзады екен.