Қытайда жаңа «стелс-омикрон» штамын жұқтырғандар саны бір тәулік ішінде 2 мыңнан асты. Барлығында вирус ағымы ауыр өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыған байланысты аспанасты елі локдаун жариялаған еді. Бірақ қатаң шектеу шараларына қарамастан, инфекция жұқтырғандар саны көбейіп барады. Бұл жағдайды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растап отыр.
Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесустың мәлімдеуінше, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы әсіресе соңғы аптада қатты байқалған.
«Әлемде бірнеше апта бойы коронавирусқа шалдығу жағдайы төмендеген еді. Бірақ қазір инфекция қайта дендеп кетті. Ең алдымен, науқастар санының өсуі карантин шаралары жеңілдеген елдерде тіркеліп жатыр. Әрине, бұл шектеулерді алып тастағаннан орын алды», - деді ДДСҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесус.
Ал елімізде эпидахуал жақсарып келеді. Науқастар қатары азаюда. Соңғы тәулікте барлығы 44 отандасымыз вирус жұқтырды. 6 облыста инфекцияға шалдыққандар мүлдем тіркелмеген. Бірақ әлі де Алматы қаласы сырқаттану бойынша көш бастап тұр.