Алматыдағы Медеу ауданында 30 мың шаршы метр болатын қар көшкіні болып, маңайындағы демалыс орнының бірнеше шатырын қиратып әкеткен. Табиғи апаттың күштілігі сонша аудандағы Қотырбұлақ өзен алабындағы сайды түгел жауып қалған. Куәгерлер көшкін кеше түнгі 3.00 шамасында болған деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл қорқынышты бейне кешегі қауіпті қар көшкіні кезінде түсірілген. Дабылдың ащы дыбысы тұрғындарға қауіпті ескертіп тұр. Ал жүздеген адамға арналған демалыс орнын қар басып қалуға сәл-ақ қалған.
Мұндағы демалыс орны қызметкерлерінің айтуынша, қар көшкіні түнде болған. Отыз мың шаршы метр болатын қар көшкенінен абырой болғанда зардап шеккендер жоқ, тек бір-екі шатырды сүріп әкеткен.
Әдетте бұл аумаққа көптеп демалуға келетіндер көшкін кезінде мұнда болмапты. Өйткені демалыс орны алдын ала ескертуден соң жұмысын тоқтатқан. Алайда опырылған қар қоршауын түгел қиратып, жазғы алаңын басып қалған.
Көшкін тек демалыс орнының маңайын ғана жанап өткен. Оқиға түнгі 3:45-те болғандықтан, бұл маңда тек күзетші болған екен.
«Біз сел мен көшкінге қауіпті аймақта орналасқанбыз. Жиі ескерту келеді. Апат болған түні де мұнда келушілер болмады. Адам өмірі бірінші орында тұруы керек. Қазір шығынның нақты сомасы анықталып жатыр», - деді демалыс орталығының әкімшілік қызметкері Дилярам Усенова.
Қар көшкіні қаупі әлі де бар деген қалалық «Қазселденқорғау» мамандары 82 мың шаршы метр болатын қарды қазір бақылауға алып, қауіпті сейілттік дейді. Оның айтуынша, Алматыдағы Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында 165 қауіпті көшкін аймақтары бар екен.
«Алдын ала біз 9 наурыз күні ескерту жібергенбіз. Демалыс орны жабылсын ауа райына байланысты жұмысты тоқтатсын деген. Сол бойынша бұлар жұмысты тоқтатқан. Қазіргі туристерге Алматы қаласының тұрғындарына демалуға шығуға жүруге шықпауға кеңес береміз», - деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы қаласы бойынша басқарма басшысының орынбасары Күнесбай Кеңесжан.
«Алматы қаласындағы жауын-шашын мөлшері 76 мм болса, қазіргі таңда соның 72 мм жауып өтті», - деді «Қазгидромет» РМК жетекші инженері Айгүл Алданбергенова.
Ал алдағы мейрам күндері Оңтүстік Қазақстандағы таулы аймақтарда жауын-шашын болады дейді Қазгидромет мамандары. Сондықтан ескерту хаттарына құлақ ассын деп отыр.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы