Алматыда коронавирусты қайта жұқтырғандар саны 20 есеге артты. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш адам ағзасының «омикронға» қарсы әлсіздігін және оның жоғары деңгейде жұқпалы екенін дәлелдейді. Ковидтің жаңа түрі шыққалы вакцина алған адамдар арасында да инфекция жұқтыру жағдайлары тіркеліпті.
«Қазір емделіп шыққандар арасында қайта жұқтыру жағдайлары 20 есеге өскен. Қаңтардың басында жұқтыру деңгейі аз болса, 17 қаңтарда 156 жағдай тіркелген. Әсіресе отбасында жұқтыру қаупі жоғары болып отыр. Оның пайыздық көрсеткіші – 22,6», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қарлығаш Әбдіжаббарова.
Ал дәрігерлер эпидахуалдың нашарлауына байланысты ревакциналаудан қашпауға шақырады. Бүгінде Pfizer вакцинасын 30 мыңнан астам қала тұрғыны алыпты. Оқушылар арасында да иммундау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Айта кетейік, қалада жасөспірімдер мен жүкті әйелдер арасында егу науқаны жалғасуда.
«Созылмалы аурулары бар адамдардың 68 пайызы ғана вакцина алды. Әсіресе жүкті, бала емізетін әйелдерге екпе салғызуды, сондай-ақ ревакциналауды жеделдету қажет», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.