Әуе компанияларының қызметін пайдаланғысы келетіндер үшін коронавирус жоқтығын растайтын анықтаманың болуы міндеттеледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал медициналық құжаттың мерзімі бір аптаға ғана жарайды. Бұл туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Айтуынша, індеттің бар-жоғын анықтайтын тесттің құны орташа алғанда 11 мен 20 мың теңгенің арасы.
«Жолаушыларға қойылатын басты талап – COVID-19 жұқтырмағаны туралы анықтаманың болуы. Тағы бір талап – жолаушылар ұшақ ішінде арақашықтық сақтап, яғни араға бір орындық қалдырып отыруы керек. Үшіншіден, ұшақта әр жолаушы медициналық маска киіп отыруға міндетті. Төртіншіден, ұшақ бортында дезинфекция жасау шаралары күшейтілмек», – деді ҚР Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер СӘДУАҚАС БАЙҒАБЫЛОВ
Садуакас Байғабыловтың айтуынша, ұшып келген жолаушылар карантинге жатқызылмайды. Ұшақ ішінде жолаушылар анкета толтырады. Ал борттан түскеннен кейін байланыссыз термотерия сияқты қосымша шаралар жасалады. Яғни, жолаушы өзін жайсыз сезінген жағдайда керекті стационарға апарып, диагноз қойып, қысқа мерзім ішінде кімдермен байланыста болғанын анықтап, тиісті шаралар қолдану үшін керек, деді бас санитарлық дәрігер.